Қасым-Жомарт Тоқаев қандай үш негізгі қағидатты ұстанады?
Қасым-Жомарт Тоқаев ел Президенттігіне кандидат ретінде республикалық қоғамдық штабқа барып, үгіт-насихат және талдау орталықтарында болды.
Кандидаттың қоғамдық қабылдау бөлмесінің, медиа-штабтың, сенімді өкілдер жұмысын үйлестіру орталығының, байқаушылар штабының, жастар алаңының жұмысымен танысты.
Республикалық және өңірлік қоғамдық штабтардың жұмысы туралы ақпаратты тыңдаған Қасым-Жомарт Тоқаев барлығына сенім артқаны үшін алғыс айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Сайланған жағдайда Президент лауазымындағы жұмысында әділетті мемлекет, әділетті экономика, әділетті қоғам сынды үш негізгі қағидатты ұстануға ниетті.
– Бәріміз халық алдында жауаптымыз. Бұл – біздің бірегей мүмкіндігіміз. Түбегейлі өзгерістер мен батыл шешімдер қабылдайтын уақыт жетті. Енді басқа мүмкіндік болмайды. Біз елімізді дамудың даңғыл жолына шығарып, Әділетті Қазақстанды құруға міндеттіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оразай Жеңісұлы