Өскеменде сайлаушылар азық-түлікті арзан бағада сатып алды
Өскемен қаласының үш ірі сайлау учаскесінде азық-түлік өнімдерін арзан бағада саудалайтын жәрмеңкелер ұйымдастырылды.
Кезектен тыс өтіп жатқан Президент сайлауы күні облыс орталығындағы сайлаушылар саны көп үш ірі сайлау учаскесінде дауыс берушілерге арнап азық-түлік тауарларын арзан бағада саудалайтын жәрмеңкелер ұйымдастырылды. Осындай екі ірі сайлау учаскесі Шоқан Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейінде орналасқан №30-шы және №31-ші сайлау учаскелері болды, деп хабарлайды Altaynews.kz.
Қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі өкілдерінің айтуынша, таңғы сағат сегізден бастап білім ордасының кіреберісіне өз өнімдерін жайғастырған кәсіпкерлер келушілерге азық-түлік тауарларын әдеттегі бағадан 10-15 пайызға төмен бағада ұсынған. Сайлаушылар үшін істелген игі шараға келген қала тұрғындары бірінші кезекте қажетті қант, өсімдік майы және шұжық өнімдері сияқты азық-түлік тауарларын сатып алуда. Осындай ерекше жәрмеңкелер арқылы өз өнімдерінің көпшілік арасында кеңінен танымал болатынын айтқан кәсіпкерлер де сайлаушылар тарапынан қызығушылықтың барын айтады. Мұның бір дәлелі – дауыс беру басталған мезеттен бастап екі сағат ішінде саудаға шығарылған тауарлардың 30 пайызынан астамының сатылып кетуі.
Бұдан бөлек, сайлау учаскелерінде қалалық Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен дауыс берушілерге ыстық шай мен бауырсақ ұсынылып, көпшілік арнайы жайылған дастарханнан дәм татты. Сайлаушылармен ере келген балаларға түрлі-түсті шарлар сыйланып, бүлдіршіндердің де көңілдері көтерілді.
Кіреберістен-ақ мерекелік көңіл-күй сыйлаған ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірген қала тұрғындары алдағы уақытта әр сайлаудың осындай қалыпта өткенін қалайтындықтарын айтты.
Азамат Темірбеков