Чемпиондар лигасы: Ширек финалдың шешуші ойындары басталады
Сәуірдің 18-інен 19-ына қараған түні футболдан UEFA Чемпиондар лигасы ширек финалының қарымта ойындары өтеді, деп хабарлайды Altaynews.kz.
Екі ойынның бірінде «Наполи» (Италия) мен «Милан» (Италия) кездеседі. Кездесу елорда уақытымен 00.50-де басталып, «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Екі команда бұған дейін 152 мәрте кездесті. Оның 42-сінде «Наполи», 57-сінде «Милан» жеңіске жетсе, қалғаны тең аяқталды. Ширек финалдың алғашқы кездесуінде «Милан» 1:0 есебімен басым түсті.
Тағы бір кездесуде «Челси» (Англия) пен «Реал Мадрид» (Испания) командалары шеберлік байқасады. Кездесу елорда уақытымен 00.50-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Екі команда бұған дейін 9 мәрте кездесті. Оның үшеуінде «Реал Мадрид», төртеуінде «Челси» жеңіске жетсе, қалғаны тең нәтижемен аяқталды. Ширек финалдың алғашқы кездесуінде испаниялық клуб 2:0 есебімен жеңді.
Финал 10 маусымда Түркияның Ыстанбұл қаласындағы Ататүрік атындағы Олимпиадалық стадионда болады.