ШҚО-да қаңырап тұрған спорт кешені жөндеуден өтіп, халық игілігіне берілді
Катонқарағай ауданында біраз уақыт қаңырап тұрған спорт кешені толықтай жөндеуден өтіп, халық игілігіне берілді.
- “Алтай” спорт кешені биыл күрделі жөндеуден өтіп, заман талаптарына сай жұмыстар жүргізілді. Мұнда балалар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылдануына жаңа бокс залы, еркін және қазақша күрес залдары ашылды, - дейді Катонқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалиқан.
Қыркүйек-қазан айында басталған жұмыстар желтоқсан айының басында аяқталды.
- Жөндеу жұмыстарына 81 млн теңге бөлінген. Ғимараттың сырты сайдингпен қапталып, іші толықтай жөнделді, - дейді субмердігер Нұржан Қасенов. - Яғни, терезесі ауыстырылып, еден-қабырғалары жөнделіп, жылу жүйесі мен жарық тартылды. Жобалық-сметалық құжатта төбесінен су ағып тұрған шатырын ауыстыру жұмыстары қарастырылмаса да, өз қаражатымызға жасап бердік. Жылу құбырлары бір кездері жарылған уақытта екі құбырды жердің бетімен жіберген, ол құбыр дұрыс қаптап-орамаған. Сондықтан ғимарат іші жылынбайтын. Соның барлығын қайта басынан жасадық..
Сонымен қатар кешенде екі күрес залы, бір үлкен бокс залы бар. Бұрын болмаған үш дәретхана мен төрт жуынатын бөлме, одан бөлек үш киім ауыстыратын орын жасалды.
Нұржан Жомартханұлының айтуынша, спорт кешенінде бір уақытта 60-70 адам жаттыға алады.