ШҚО-да есірткінің зияны жайлы дөңгелек үстел өтті
Әскери лазаретте Өскемен гарнизоны әскери полиция бөлімінің өкілдерімен және Шығыс Қазақстан облысы наркологиялық диспансерінің дәрігер-наркологы Арай Әзімбекқызының қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
Кездесу барысында есірткі заттарының адам ағзасына әсері мен зияны туралы сөз қозғалды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Нашақорлық қазір әлем бойынша кездесетін ең күрделі проблемалардың бірі болып отыр. Ол сондай-ақ, мемлекет қауіпсіздігіне де біршама залал тигізеді.
– Адам баласының денсаулығына орасан зардабын тигізеді. Сондай-ақ есірткі ең алдымен жүрек-қан тамыр жүйесіне соққы береді. Сондықтан әскери лазарет қызметкерлерімен арнайы жиын өткіздік. Есірткі заттарын қолданудың, оны өзгелерге пайда табу ретінде сатудың арты заң алдындағы жауапкершілікке әкеп соқтыратыны жөнінде ақпарат бердік, – дейді наркологиялық диспансердің дәрігер-наркологы Арай Әзімбекқызы.
Шара соңында есірткі заттарына әуестіктің алдын алу мақсатында арнайы бейнеролик көрсетілді.