Өскемендегі 22-ші шағын ауданда қоғамдық көлік мәселесі қашан шешіледі?
Облыс орталығындағы 22-ші шағын аудан тұрғындары қоғамдық көлік мәселесін көтеріп жүргелі біраз уақыт болды. Шаhардың іргесінде тұрса да, балаларын мектепке жіберіп, қалаға қатынау олар үшін өзекті мәселеге айналған. Ал, тасымалдаушылар жаман жолдың кесірінен бұл шағын ауданға кіруден бас тартып, жергілікті тұрғындардың өтініші жауапсыз қала берген. Биыл бұл аталған мәселелер өз шешімін таппақ, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл туралы қала әкімі Жақсылық Омар шағын аудан тұрғындарымен кездесуде айтты.
- Биыл аталмыш шағын аудандағы 4 көшеге асфальт төсеу, балалар алаңы мен футбол алаңын орнату және тас төсеу жұмыстары бойынша бюджеттен 121 млн. 510 мың теңге қаржы бөлінді. Уәде берген жұмыстар атқарылды. Ұзақ жылдар бойы, өкінішке қарай, осы шағын ауданда ешқандай жұмыстар жасалмаған. Десе де, былтырдан бері біз бұл сеңді қозғадық, - дейді қала әкімі.
Тұрғындындардың талап-тілектері орындалып, келесі аптадан бастап №4 маршрут аталмыш шағын аудан арқылы жүретін болады.
- Тасымалдаушылармен келісім бар. Енді келесі аптадан бастап №4 маршрут іске қосылады. Тек жергілікті тұрғындармен бірлесіп, ең қажетті уақыттарды таңдап, автобус кестесін келісуіміз керек. Келісім жасалғаннан кейін бірден қоғамдық көлік қатынай бастайды, - деді "Жолаушылар тасымалын басқару орталығы" ЖШС басшысы Кәрібеков Нұрсұлтан.
Яғни, 22-ші шағын ауданынан кейін автобус 23-ші шағын ауданға кіріп, артынша Меновное арқылы әдеттегі маршрутпен жүретін болады. Сондай-ақ 253-ші шағын автобусты да іске қосу жоспарда бар көрінеді.
- Өте жақын уақытта деп уәде бере алмаймыз. Шамамен, 1 айға жуық уақыттан кейін 253-ші шағын автобусты іске қосуды жоспарлап отырмыз. Ал, аялдама павильондарын орнату бойынша мәселелерді қазір қарастырып жатармыз, - деді Нұрсұлтан Төлеубекұлы.