«Білім» тарифінен Kundelik.kz-ке мегабайт жұмсалмайды
Қашықтан оқыту қалай ұйымдастырылады
Балаларды қашықтан оқыту бойынша екі негізгі бағыт бар. Бірінші бағыт - интернет арқылы оқыту. Интернет арқылы оқыту 8 интернет платформада жүргізіледі. Осы платформалардың ыңғайлылығы мен беріп отырған мүмкіндігіне байланысты мектептер, қалалық, аудандық білім бөлімдері шешім қабылдап, келісімшартқа қол қояды және сол платформамен жұмыс істейді. Қашықтан білім алатын балалар үшін сабақ ұзақтығы - 30 минуттан аспайды.
Қазақстандағы жетекші ұялы байланыс операторлары «Білім» тарифін әзірледі. Оның құны - 990 теңге. Бұл тарифтен Kundelik.kz ресурсына мегабайт жұмсалмайды. Аталған тарифтік жоспар барысында оқушылар мен ұстаздар бір-бірімен тегін сөйлесе алады. Мұнан бөлек, отандық білім ресурстарын тегін қолдануға болады. Жаңа оқу жылында желідегі 600 білім беру платформасын тегін пайдалануға болады. Яғни, осы 600 сайттың кез келгенін ашсаңыз, SIM картаңыздағы тарифтік жоспарыңыз жұмсалмайды. Өткен оқу жылының төртінші тоқсанында операторлар 380 интернет-ресурсты тегін пайдалануға берген еді.
Екінші бағытта балалар телеарналар арқылы сабақ оқиды. «Ел арна» және «Балапан» телеарналары телесабақтарға тәулігіне 9 сағатқа дейін эфир бөліп отыр. 1 қыркүйектен бастап, дүйсенбі-жұма 09:00-18:00 аралығында 1-11 сыныптардың оқу пәндері бойынша бейнесабақтар қазақ тілінде «Balapan» телеарнасынан көрсетіледі. «Balapan» телеарнасы «Оtau TV» спутниктік операторы, «Аlma TV» кабельдік операторы, ID TV цифрлық теледидар қызметі арқылы қолжетімді
Сонымен қатар арна balapan.tv ресми сайты мен qazaqstan.tv мобильді қосымшасы арқылы, «Balapan»-ның YouTube-тегі ресми каналынан да онлайн көрсетіледі. «Android» және «iOS» платформаларына лайықталған мобильді қосымшаны «App Store»,«Play Market» сервистері арқылы тегін жүктеу мүмкіндігі қарастырылған.
Дереккөз: Қазақпарат