Абай ауданында жазушылардың мұражайлары ашылады
Аймақ басшысы Семей қаласы мен Абай ауданында жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Қазір мұнда Абай Құнанбаевтың мерейтойына дайындық жүріп жатыр.
Семейде Абай атындағы алаң, театр және мұражайдың қайта құру жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Бұл алаң мүлдем жаңа кейіпке еніп, жазушының ескерткіші қалпына келтірілді. Ыңғайлы демалыс орындары мен тұрақ жасалды. Маңайында орналасқан тұрғын үйлердің сырты жаңартылды.
- Өз көрермендерін жаңартылған театр да шексіз қуантары сөзсіз. Қайта құру жұмысы толығымен жүргізгеніне қарамастан, біз театрдың тарихи ерекшелігін сақтай алдық. Өнер ордасы кең әрі жарық бола түсті. Семейліктер мен қала қонақтарын жаңа сахна мен ауа баптау жүйесі орнатылған көрермен залы күтіп тұр, - дейді облыс әкімі.
Абай мұражайы да жуықта ашылуға дайын екен. Мұражайдың аумағында ұлдарымен бірге бейнеленген Абай әулетінің ескерткіші орнатылмақ. Сондай-ақ ақынның ата-бабаларының қорымы орналасқан Ақшоқыда Құнанбай әулеті мұражайының құрылысы аяқталуда.
- Мұнда біз көрме залынан басқа, оқушыларға арналған сабақтар мен конференциялар өткізуге болатын залды қарастырғанымызды ерекше атап өтемін. Келушілер де демалып, тамашалауға мүмкіндік алады. Сырт Қасқабұлақта жұмыс толығымен аяқталды. Қасиетті бұлақ маңы абаттандырылды. Абайдың кіндік қаны тамған жердің тарихи маңызын асқақтата түстік, - деді Даниал Ахметов.
Бұдан бөлек Қарауылда 1 қыркүйекте жаңа мектеп ашылады. 300 орындық оқу орны Назарбаев Зияткерлік мектебінің стандарттарына сәйкес заманауи жабдықтармен және жаңа модификациялық сыныптармен жабдықталған. Ал мұндағы жаңа саябақтың айналасында Қарауыл ауылының жаңа шағын ауданы салынады.
- Абай-Шәкәрім мемориалдық кешені болса, заман ағымына сай жаңартылды. Бастысы, бастапқы сәулеті сақталынды. Болашақта мұнда жазушылардың мұражайлары ашылады, - дейді аймақ басшысы.