Ауруханаларға құрал-жабдықтар алып берді
Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорыны облыстың медициналық мекемелеріне гуманитарлық көмек жіберді.
Коронавирус індетіне қарсы күреске қолдау білдіре отырып, Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорыны Жарма ауданы Шар қаласының ауруханасына, Әуезов кентіндегі дәрігерлік амбулаторияға және Семейдегі инфекциялық ауруханаға гуманитарлық көмек жіберді.
Аталған медициналық мекемелер облыстық денсаулық сақтау басқармасымен келісе отырып таңдалды. Бұл жерде кәсіпорын орналасқан аумаққа жақын мекемелер таңдаланып алынды.
Пандемияға қатысты қалыптасқан қиын-қыстау тұста кәсіпорын аталған мекемелар басшылығынан қажетті заттар мен құрал-жабдықтардың тізімін сұратып, өз қаржысына сатып алып, ауруханаларға жеткізіп берді.
Жалпы құны 50 миллион теңгеге жуық гуманитарлық көмек тізімінде 230 қорғаныш костюмы, 1500 дана медициналық бетперде, бактерицидті шамдар, тыныс алу, өкпені жасанды желдету аппараттары, балалар мен ересектерге арналған пульсоксиметрлер, электрокардиографтар, кардиомониторлар бар.
– Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны біздің ауруханаға 100 дана қорғаныш костюмін, 3 төсек жанындағы мониторды, 2 ЭКГ аппаратын, 3 мүгедек арбасын, сонымен қатар аса қажет, өкпенің оттегіне деген қажеттілігін өлшейтін пульсоксиметр құрылын алып берді. Енді өкпе желдету аппараттары жеткізілуі тиіс. Бұл қайырымдылық көмек індетпен күресуде үлкен септігін тигізіп отыр. Компания басшылығына мекеме атынан, бүкіл емделушілер атынан айтар алғысым шексіз! Бүгінде біздің емханада вирус жұқтырған 25 адам емделуде, алдағы уақытта төсек-орын санын 50-ге жеткізбекпіз. Өйткені, науқастар саны көбейіп барады, – дейді Шар қалалық ауруханасының бас дәрігері Айбек Қарсақбаев.
Сондай-ақ, кәсіпорын Әуезов кентіндегі дәрігерлік амбулатория жанынан кәсіпорын жұмысшыларына және кент тұрғындарына арналған уақытша оқшаулау (карантин) блогын ашып отыр. Ол жерде 4 палата, 12 жатын орын қарастырылған. Палаталарда тоңазытқыш, кондиционер, теледидар бар. Әр бөлме интернетпен қамтылған. Ыстық-суық су тартылып, жуыну бөлмесі жарақталған. Барлық қажетті дәрі-дәрмек жеткізіліп берілді. Қосымша жұмысқа тартылған дәрігерлерге ай сайын төленетін еңбекақы да кәсіпорын есебінен. Олардың жалақысы – 200 мың теңге. Қазір бір-бірден дәрігер, медбике, лаборант және санитар жұмыс істеуде.
Кәсіпорын жұмысшыларды індеттен сақтау шараларын қатаң орындап келеді. Серіктестік орналасқан елдімекендерде де вирустың өршуіне жол бермеу үшін жергілікті әкімдікпен тығыз байланыс орнатқан.
Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорыны аудан бюджетіне ірі көлемде салық төлеп отыр. Компания әлеуметтік жауапкершілікке ерекше мән береді. Жыл сайын Әуезов кенті мен Шалабай ауылдық округіне меморандум аясында жан-жақты көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, жыл сайын кәсіпорын есебінен Әуезов кентінен төрт, Шалабай ауылдық округінен бір балаға грант беріледі.