Туристерге жағдай туғызбай, туризмді дамыту – бос әурешілік
Жуырда облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген аппараттық мәжілісте аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов өңірдегі туризмді дамыту бағытындағы жұмыстар тиісті деңгейде атқарылмай жатқанын сынға алып, салаға жетекшілік ететін өзінің бірінші орынбасарына жағдайды тез арада оңға түзетуді нықтап тапсырып, нақты міндеттер жүктеген болатын. Осыған орай, бүгін облыстық әкімдікте Шығыс Қазақстан облысында туризмді дамытудың шеберлік жоспарын әзірлеу мәселелері бойынша кеңес өтті, – деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыс әкімінің бірінші орынбасарының төрағалығымен өткен жиында ең алдымен өңірдің туристік картасы жиналғандар назарына ұсынылды.
Аталған карта облыс әкімінің қаулысымен бекітіліп, оның аясында 23 туристік аумақ айқындалған. Осы аумақтарда инженерлік, коммуналдық және жол инфрақұрылымын басым тәртіпте қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілмек. Бұл жөнінде облыстық туризм басқармасы басшысының орынбасары Ирина Смит нақты ақпарат ұсынды.
Аталған картада Катонқарағай, Марқакөл, Бұқтырма су қоймасы, Сібе көлдері, Шығыс Қазақстанның тау шаңғысы кластерлері секілді болашағы зор бағыттармен қатар, ауылдық және экологиялық туризм бойынша бірқатар аймақ та белгіленген.
Оның айтуынша, мемлекеттік қолдау шаралары аясында мамандарды қысқа мерзімді кәсіби даярлау және қайта оқыту ұйымдастырылған.
Қазіргі уақытта 45 адам тексеру инспекторы, қауіпсіздік инспекторы, жолаушыларды тіркеу және отырғызу агенті, әуе кемелерін қамтамасыз ету жүргізушісі, электромонтер және өзге де мамандықтар бойынша оқып жатыр. Келесі жылы аспаз, бөлме тазалаушы (горничная), әкімші секілді мамандықтар бойынша 70 маманды оқыту жоспарлануда және шәкіртақымен қамтамасыз етілмек.
Кәсіпкерлік субъектілері үшін қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары жеткілікті деңгейде сезілуде. Туристік нысандарды салу және реконструкциялау шығындарын өтеу мөлшері – 10%. Биыл 6 өтінім қаралып, 402 млн теңге көлеміндегі 3 өтінім мақұлданған.
Жол бойы сервисі нысандарын салу шығындарын өтеу де – 10% шегінде. Алайда, өтінім түспеген. Туроператорлар сатып алған туристік автобустар үшін шығындарды өтеу – 25%. Бір өтінім түсіп, 3,3 млн теңге көлемінде мақұлданған.
Ол атап өткендей, мәселен, Ресей Федерациясымен шекараға дейінгі бағытта үш санитарлық торап қажет. Олар – Первомай кенті маңындағы сауда алаңында, «Мария жартасы» аумағында және «Уба» өткізу бекетінде. Риддер бағыты бойынша бір нысан Зимовье ауылында орнатылған, тағы бірі Бутаков ауылы маңына жоспарланған. Сонымен қатар Секисовка маңында, Черемшанка ауылындағы сауда алаңында және Риддер қаласының кіреберісінде 3 санитарлық-гигиеналық торап орнату қажет.
Айта кетейік «Өскемен – Алтай – Рахман қайнары» бағытында 8 нысан қойылған, қосымша тағы 7 нысан қажет.
«Өскемен – Самар – Күршім – Марқакөл» бағытында 4 нысан орнатылғанымен, жұмыс істемейді. Күршімдегі Қиын-Керіш аймағын қоса алғанда, жалпы 6 нысан қажет. Бұл бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселе. Тек биыл «Қазавтожол» компаниясы 6 нысан орнатып, оларды жергілікті атқарушы органдарға табыстады.
Өңірде «Шығыс Салбурыны», «Алтай – түркі әлемінің бесігі» секілді халықаралық деңгейдегі ірі имидждік іс-шаралар тұрақты өткізіліп келеді. Таяуда «Қысқы туристік маусымның ашылуы» салтанаты ұйымдастырылды. Ал 2026 жылы маусым айында «Біздің үйіміз – Алтай» халықаралық өнер фестивалі және қыркүйекте Үлкен Алтай өңірлерінің Экономикалық кеңесінің үшінші отырысы өтеді деп жоспарлануда.
Айта кету керек, туризм соңғы жылдары стратегиялық маңызға ие болуда. Облыс басшылығы туризм саласын өңір дамуының басым бағыты ретінде қалыптастыруға ерекше көңіл бөліп келеді.
Туризмді дамытудың түйткілдері көп
Кеңесте өңірдегі туризм бойынша қауымдастықтың жұмысын жандандыру жайы және туризм саласындағы өзекті мәселелер де күн тәртібіне қойылды. Бұл туралы «Вояж – Алтайский Казахстан» ЖШС директоры Ирина Клиновицкая сөз алып, туризмді дамытудағы түйткілдерге тоқталды.
Пандемия кезеңінен кейін облыстық туризм ассоциациясы өз қызметін қайта жандандырып отыр. Қазір бүкіл өңірге бірдей күш жұмсаудың орнына, бірқатар басым кластерді айқындап, назарды соларға шоғырландыру маңызды.
Туризм саласындағы кәсіпкер су кластеріне қатысты ұсыныс та білдірді. Ирина Клиновицкаяның айтуынша, Бұқтырма су қоймасында жаңа көпір іске қосылғаннан кейін екі бірдей паром босаған. Соның бірін төменгі аймақта қайта іске қосуға болады. Жаңа Бұқтырма ауылындағы бұрынғы айлақты қайта көтеріп, су қоймасының оң жағалауын Аюды аймағы маңындағы сол жағалаумен жалғау мүмкіндігі бар. Мұндай қадам біріншіден, жағалаулар арасындағы өткелді қауіпсіз етсе, екіншіден экскурсиялық бағыт ретінде қызмет атқара алады.
Жиынға қатысушылардың айтуынша, осы аумақта Шығыс Қазақстан мен Ресейдің Алтай Республикасын Риддер арқылы қосатын жолды аяқтау – логикалық әрі тиімді қадам болмақ. Бұл экономикалық белсенділікті арттырып қана қоймай, жергілікті тұрғындардың туристерге көрсететін қызмет түрлерін де кеңейтпек.
Туризмді дамытудың бас жоспары әзірленуде
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың нақты тапсырмасына сәйкес өңірдің туристік әлеуетін жүйелі және кешенді дамыту мақсатында «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мен «ШҚО туристік ақпараттық орталығы» КММ арасында 2025 жылғы 2 шілдеде мемлекеттік сатып алу шарты жасалған. Осы келісім аясында өңірлік Туризмді дамыту жөніндегі негізгі жоспар әзірленуде.
Жоспарға енген шаруалармен «Ертіс» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қанатбек Мирзабеков таныстырды.
Қанатбек Болатұлының мәліметтеріне сүйенер болсақ, жобаны дайындау барысында Шығыс Қазақстанның географиясы, табиғи және тарихи нысандары, қолданыстағы туристік инфрақұрылым жан-жақты зерттелген. Нәтижесінде өңірдің әлеуетін барынша тиімді пайдалануға бағытталған бес туристік кластердің картасы жасалған. Әр кластер бойынша жеке бизнес-модельдер құрылып, жеке және мемлекеттік инвестицияларды тарту тетіктері айқындалған.
Екінші кластерде Катонқарағай – Марқакөл қарастырылған. Бизнес-моделі – санаторийлік, оқиғалық туризм және экспедициялар. Негізгі жобалар қатарында «Wellness Resort» қонақ үй кешені (8,8 млрд тг) – жыл бойғы сауықтыру орталығы және «Верх-Катунь» пантомен емдеуді кеңейту (5,5 млрд тг) бар. Кластерге 12 әлеуетті жеке жоба кірген. Зәкірлік тау шаңғысы базасын қоса алғанда, инвестиция көлемі 92 млрд теңге.
Ал үшінші кластерге Риддер – Анатау – Ивановский жотасы кірген. Бизнес-моделі – жазғы туризмді күшейтіп, жыл бойғы демалыс аймағын қалыптастыруға арналған. Басты үш ірі жобалары – «Altai Eco Resort» туристік-энергетикалық кластері – құны 808 млрд теңге болатын өңірдегі ең ірі бастама. Мұнда экоаумақ, СЭС, шипажай, этноауылдар, тау шаңғысы кешендері қарастырылған. Екіншісі, «Forest Hill’s» туристік орталығы (30 млрд тг) – Горная Ульбинка шатқалында орналасады. Үшіншісі «Ulba Mountain Village» туристік кешені (2,5 млрд тг). Кластер бойынша жалпы жеке инвестициялар 937 млрд теңгені құрайды.
«Ертіс» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары айтып өткендей, төртінші кластер – Мистикалық және құпия Алтай деп аталған. Бұл бағыттың бизнес-моделі – экотуризм, этнография, қасиетті орындар және фото-туризм. Маңызды жобалары – «Айсаб» АӨК» этно-базасы (18,5 млн тг) – сегіз киіз үйден тұратын этноауыл, «Аманкелді Айдар» жеке кәсіпкерлік жобасы (9,8 млн тг) – этнобағдарламалар мен белсенді демалыс ұйымдастыру. Жеке инвестициялар көлемі 1 млрд теңге.
Ал қорытынды бесінші кластерге мәдени-танымдық, қалалық туризм кірген. Бұл бағыт негізінен облыс орталығы Өскемен қаласы бойынша әзірленген. Негізгі ірі жобалары екеу – VKTower көп функционалды кешені (20 млрд тг) – Hilton Garden Inn қонақ үйі, А-класс бизнес орталығы және ойын-сауық элементтері бар. Екіншісі, «ADK СОО – Драматеатр» аралығындағы қалалық аспалы жол (11,47 млрд тг) – қаланың туристік тартымдылығын арттыратын жаңа аттракцион. Бұдан бөлек, Ертіс – Үлбі өзендері арқылы су көлігімен серуендеу, демалу да көзделген. Кластер бойынша жалпы инвестиция 31 млрд теңгені құрайды.
Кеңесте өңірге белгілі туроператорлар Мұхтар Тойбазаров, Рустам Адамов, Александр Чиликин және басқалар өз ойларын ортаға салып, Шығыс Қазақстандағы туризмнің дамуын көршілес Ресейдегі, Моңғолиядағы, Қытайдағы Алтайдың ірі туристік нысандарындағы халықаралық деңгеймен салыстыра отырып, ұсыныстарын білдірді. Қорыта айтқанда, өңірге туристер тарту үшін оларға барынша қолайлы жағдай мен оң климат орнату қажеттігін атады. Олардың айтуынша, шетелдік туристерге жол, қонақүй, ұялы байланыс, көлікпен тасымалдау, қауіпсіздік мәселесінде жағдай туғызбай, туризмді дамытам деу бос әурешілік болмақ.
Қазір өңірдегі туризмді дамыту бойынша бас жоспар сала мамандарының пікірі мен ұсыныстарын қабылдау үшін талқылануда. Талқылаудан өткен соң облыстық мәслихаттың қарауына енгізілмек. Айта кетейік, құжаттың депутаттармен ресми бекітілуі облыста инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін бюджеттік қаржы тартуға үлкен мүмкіндік бермек.
Дәурен Аллабергенұлы,
Фото: Артем Жигулин









