KZ
Өскемен
-31°
туман жел 1 м/с, СБ
518.39 603.09 6.68

«Әлеуметтік әмиян»: дәрі-дәрмек алудағы цифрлық серпін

Кеше, 18:00 89 Айна Бакимбаева

Қазақстанда медициналық қызмет көрсетуді толықтай цифрландыру бағытында қолға алынған маңызды жобалардың бірі – «Әлеуметтік әмиян» сервисі нақты нәтижесін беруде. Аталған цифрлық платформа енгізілгелі бері азаматтарға ыңғайлы форматта дәрі-дәрмек беруге арналған 13 миллионнан астам электрондық рецепт бойынша қызмет көрсетілді. Бұл көрсеткіш амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету аясында жазылған барлық тағайындаулардың 81,2 пайызын құрайды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, бүгінде жобаға республика бойынша 708 медициналық ұйым қосылып, сервис еліміздің барлық өңірінде тұрақты пайдалануға енгізілді. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің жалпы деңгейі 85,1 пайызға дейін жетті. Мұндай жоғары көрсеткішке рецепттерді беруде бірқатар заманауи цифрлық тетіктерді – e-Densaulyq жүйесін, Halyk платформасын, ВЦК қызметін, Face ID сәйкестендіруін және SMS-код растауын қолдану арқылы қол жеткізілуде.

Сонымен қатар әлеуметтік тұрғыдан осал топтардың қажеттіліктері де назардан тыс қалмай отыр. Қазіргі таңда рецепттердің 14,9 пайызы әлі де қағаз форматында рәсімделуде. Бұл – смартфоны немесе интернет желісіне қолжетімділігі жоқ азаматтар үшін, сондай-ақ мобильділігі төмен тұрғындар, қарттар мен балалар үшін маңызды шешім.

«Әлеуметтік әмиян» жобасы Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділ Қазақстан: Заң және тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында қойылған тапсырмалар аясында іске асырылып келеді. Жобаның басты мақсаты – медициналық қызметтерді алу барысын ашық, қолжетімді әрі барынша жеңілдету.

Дәрі-дәрмек алу тетігі толықтай автоматтандырылған. Дәрігер ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің дәрілік қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесінде (ДҚАЖ) рецепт қалыптастырған сәттен бастап, тағайындау туралы ақпарат пациенттің eGov mobile мобильдік қосымшасындағы «Әлеуметтік әмиянда» электрондық ваучер ретінде автоматты түрде көрініс табады.

Пациент дәріханаға келген кезде ваучерін QR-код түрінде ұсынып, провизор оны сканерлейді де, дәрігер тағайындаған препараттарды береді. Осылайша дәрі-дәрмекті алу процесі бұрынғыдай қағаз тасымалдаушыларға тәуелді болмай, бірнеше минут ішінде жүзеге асады.

Бұл цифрлық шешім:

 • деректерді қолмен енгізуді толықтай жояды;

 • азаматтарға қызмет көрсету уақытын едәуір қысқартады;

 • дәрі-дәрмек босатудың ашықтығын қамтамасыз етіп, нақты әрі тиімді бақылау жүргізуге мүмкіндік береді.

Мамандардың айтуынша, «Әлеуметтік әмиян» сервисті тек азаматтарға қолайлылық туғызумен шектелмей, саладағы адам факторына байланысты тәуекелдерді азайтып, бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылауға да мүмкіндік береді. Жобаның тиімділігі артып, цифрлық денсаулық сақтау жүйесінің әлеуеті кеңейген сайын, елімізде медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі де жоғары деңгейге көтеріле түсетіні анық.


Айна Бакимбаева 

Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу