KZ
Өскемен
-5°
небольшой снег жел 4 м/с, ОШ
503.35 590.63 6.62

Мемлекет телефон алаяқтарына тосқауыл қойды: биометриялық тексеру міндетті болады

10.12.2025, 11:00 150 Төлеуғазы Жансая

Бүгінде телефон және онлайн алаяқтық – еліміздегі ең өзекті қауіптердің бірі. Статистикаға сүйенсек, әр екінші қазақстандық кем дегенде бір рет телефон арқылы жасалған алаяқтық әрекетке тап болған. Сондықтан азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың жеке деректерін қорғау күн тәртібіндегі маңызды мәселе, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп, телефон алаяқтарының жолын кесу және мемлекеттік сервистердің қауіпсіздігін арттыру бағытында жүйелі шаралар қабылдауда.

Бұған дейін бірқатар мемлекеттік ақпараттық ресурстарға кіру бір реттік SMS-код арқылы жүзеге асатын. Алаяқтар осы осал тұсты пайдаланып, азаматтың телефон нөмірін енгізіп, 1414 арқылы SMS-хабарлама жіберу мүмкіндігіне ие болды. Мұндай тәсілмен олар азаматтарды шатастырып, жеке деректерін алуға немесе жалған әрекеттерге итермелеуге тырысқан.

Алаяқтықтың алдын алу мақсатында ақпараттық жүйелердің иелеріне жаңа қауіпсіздік талаптары енгізілді. Енді 1414 нөмірінен SMS жіберу мүмкіндігі биометриялық аутентификация (Face ID), электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ), арнайы eGov QR-коды арқылы ғана қолжетімді болады.

Бұл тәсілдер азаматты сәйкестендірудің ең қауіпсіз әдістері саналады және бөтен адамның рұқсатсыз SMS жіберу әрекеттерін толығымен болдырмайды.

Осы жылдың желтоқсан айынан бастап қауіпсіздік талаптарын орындамаған ақпараттық жүйелер 1414 SMS-қызметін пайдалану мүмкіндігінен толықтай ажыратылады. Бұл – алаяқтыққа тосқауыл қоюдың маңызды қадамы.

Азаматтарды күдік тудыратын әрекеттерден сақтандыру мақсатында eGov Mobile мобильді қосымшасында күмәнді сілтемелерді тану, жеке деректерді қорғау, кибергигиена ережелерін сақтау, қауіпсіз онлайн төлем жасау бойынша пайдалы кеңестері бар ақпараттық баннерлер орналастырылды.

Бұл материалдар қолданушылардың цифрлық сауаттылығын арттыруға және интернеттегі тәуекелдерді азайтуға бағытталған.

Алаяқтардың арбауына түспеу үшін азаматтарға қауіпсіздік мақсатында төмендегі қарапайым, бірақ маңызды ережелерді сақтау ұсынылады:

1. Бөгде адамға SMS-кодтарды бермеңіз!

1414 немесе басқа сервистерден келген код — тек өзіңізге арналған ақпарат.

2. Өзін банк қызметкері немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырған адамдарға сенбеңіз!

Шынайы қызметкерлер ешқашан жеке деректеріңізді сұрамайды.

3. Белгісіз сілтемелерді ашпаңыз!

Фишингтік сайттар визуалды түрде ресми сайттарға ұқсайды, бірақ деректерді ұрлау үшін жасалады.

4. Тек ресми қосымшалар мен мемлекеттік порталдарды пайдаланыңыз!

Әрқашан eGov, eGov Mobile, Kaspi, Homebank сияқты ресми ресурстарды таңдаңыз.

5. Құпия сөздерді үнемі жаңартып отырыңыз!

Қарапайым, тез табылатын құпия сөздер есептік жазбаңызды осал етеді.

6. Қанша асықтырса да, еш әрекет жасамаңыз!

Алаяқтар әрдайым «жедел шешім» талап етеді. Бұл — классикалық алдау тактикасы.


Жансая Төлеуғазы 

Фото: ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу