Өскеменнің өнерлі жастары жиналып жалғызбасты апаға пәтер алып берді
Өскемендік волонтерлер өмірлік қиын жағдайға тап болған жалғызбасты әжеге облыс орталығынан пәтер алып берді.
– Төтенше жағдай кезінде еріктілердің фронт-офисі әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға көмек көрсетті. Олар кезекті бір көмек көрсету барысында Күлпара Сқақова апаның қиын жағдайға тап болғанын білді. Жалғызбасты апа әлдекімнің үйінің бір бөлмесін паналап келген екен. Апаның жағдайымен толық танысқан еріктілер оған көмек көрсетуге бел байлады, – деді Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Арайлым Есімбекқызы.
Оның айтуынша, Ерасыл Уатаев бастаған еріктілер пәтер алуға қажетті қаражатты интернет желілері арқылы жинаған. Сонымен қатар бір бөлмелі жеке пәтердің ішіне жөндеу жүргізіп, жиһаз да алып берген. Қазіргі уақытта Күлпара әже меншік баспанасына қоныстанып та үлгерді.
– Төтенше жағдай кезінде асабалар мен жайдарманшылардың пайдасы көп тиді. Карантин енгізілгенде біздің орталыққа алғашқы болып хабарласқан да солар. Бірі қаржылай қолдау білдірсе, екіншісі мұқтаж отбасыларға азық-түлікті мәшинесімен тасымалдап берді, – Арайлым Есімбекқызы.