KZ
Өскемен
-7°
пасмурно жел 3 м/с, СШ
498.34 519.72 4.85

Алакөлге енді сәнді және сапалы үйлер салатындар ғана тартылады

10.06.2020, 09:32 172

Облыс әкімі Даниал Ахметов қаржының қаншалықты игерілгенін, көл жағалауындағы демалыс базаларының жазғы маусымға дайындығын әрі атқарылған жұмыстың сапасын тексеруге Үржар ауданына арнайы іссапармен барды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

- Алакөл - xалқымыздың байлығы. Ол xалықаралық стандартқа сай болуы тиіс. Бұдан былай жоғары деңгейдегі, жайлы әрі сәнді қонақ үйлер салатын кәсіпкерлерді ғана тартамыз. Біздің мақсатымыз - қазақстандық туристердің ғана емес, шетелдіктердің де осы бірегей аймаққа деген қызығушылығын арттыру, - деді ШҚО облысының әкімі Даниал Ахметов.

Алакөл жағалауын абаттандыру және ішкі туризмнің дамуына соңғы 4 жылда 6 млрд 200 млн теңге бөлінген. 4 жыл ішінде бұл салада ілгерілеу бар. Аймақта туристік қызмет көрсету көлемі екі есеге өскен. Тынығуға, орталықта шығармашылық және би кештерін өткізуге арналған үш өлшемді шатыр конструкциялары орнатылған. Енді бір ғана міндет бар - Алакөлге келетін туристер санын 1 миллионнан асыру.

Аталған қаржыға біраз шаруаның басы қайырылса да, көңілге кірбің тигізген олқылықтар да жоқ емес. Жергілікті арбат, яғни, жаяу жүргіншілер аймағын аралап, жұмыс барысына бағасын берген Даниал Ахметов барлық ғимараттарды тәртіпке келтіруді, әсіресе, өрт қауіпсіздігі ережелері мен санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуын тапсырды.

- Заман талабына сай, көңілге қонымды жоба болмайынша, ешкімге құрылысты бастауға рұқсат берілмесін. Көл жағалауына сапасы нашар және арзан құрылыс материалдарынан уақытша үйлерді салуды тоқтатыңыздар. Сапасыз нысандар жұмыс істеуге құқылы емес. Мұндай нысандарға қалай рұқсат бересіздер?! - деп Алакөлдегі кейбір демалыс базалары ғимараттарының сыртқы келбетіне көңілі толмаған Даниал Ахметов басқарма басшыларына қатаң сын айтты.

Ал Туризмді одан әрі жетілдіру және дамыту жөнінде кеңеске қатысқан кәсіпкерлер демалыс аймағындағы жолдардың сапасына көңілі толмайтынын, бұған қоса сумен қамту мәселесі шешімін таппай тұрғанын айтып шағымданды. Олардың айтуынша, мұның барлығы өңірге туристерді тартуға кедергі келтіруде. Бұған облыс әкімі "алаған қолым - береген" болуы керектігін айтып, жауап қатқан.

- Аталған мәселелер өздеріңізге байланысты. Салықтарды уақытында төлесеңіздер, жол да жөнделеді, су да тартылады, - деді облыс әкімі.

Осылайша, облыс басшысы аудандағы кәсіпкерлермен кездесіп, демалыс аймағын дамытудың жолдарын пысықтады.

Оқи отырыңыз

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу