Үй жағдайында карантиннің сақталуын ұялы қосымша арқылы бақылайды
Қазақстанда үй жағдайында карантин талаптарының сақталуын бақылауға арналған ұялы қосымша пайда болды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бұл туралы еліміздің бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова мәлімдеді.
Айтуынша, ұялы қосымша науқастарды қашықтықтан бақылауға мүмкіндік береді. Мұндай ұялы жоба алғаш рет Қостанай облысында іске қосылды. 14 күнге үйде оқшауланған науқастар Smart Қостанай ұялы қосымшасын орнатып, тәулік бойы қосулы ұстауға тиіс. Енді ұялы қосымшаны Нұр-Сұлтан қаласында да енгізіп отыр.
Нақтырақ айтқанда, ұялы қосымша арқылы адамның үйден шыққанын немесе смартфонның ұзақ уақыт қозғалыссыз тұруын тіркеп отырады. Яғни адам смартфонды үйінде қалдырып, шығып кетуі мүмкін. Ондайда операторлар қоңырау шалып, пациентті тексереді.
Карантин мерзімі аяқталғаннан кейін бақылау функциясы автоматты түрде өшіп қалады екен.