ШҚО әкімінің штаттан тыс кеңесшісі тағайындалды
«Шығыс – Адалдық алаңы» жобалау кеңсесінің басшысы және Шығыс Қазақстан облысы әкімінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша штаттан тыс кеңесшісі болып Маржан Бахыт тағайындалды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Сондай-ақ облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің деректеріне сәйкес, Маржан Бахыт Өскемен қаласы мәслихатының депутаты болып есептеледі.
Маржан Бахыт еңбек жолын 2008 жылы Жарма ауданындағы орта мектепте мұғалім болып бастаған. Одан кейін Жарма ауданының «Жастар үйінің» директоры, Өскемен қаласының әкімдігі жанындағы «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры қызметтерін атқарды. 2014 жылдан бастап «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының облыстық филиалын басқарды. Сондай-ақ Маржан Бахыт жемісті қызметі үшін Елбасы мен ҚР Президентінің алғыс хаттарымен марапатталған.