KZ
Өскемен
-1°
туман Штиль
494.87 520.65 4.91

Тағы да 42 500 теңге туралы. Қалай, қашан, қайдан алуға болады?

9.04.2020, 08:43 302

Жарияланған төтенше жағдайға байланысты 42 500 теңге сомасындағы төлем ел тұрғындарына тағайындалып жатыр және осы төлемді алғандардың саны күн сайын артуда. Қазіргі уақытта бұл қаражат Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Өтінімді қандай ресурстар арқылы беруге болады?

 Төтенше жағдай кезеңінде әлеуметтік төлем алуға арналған өтінімді eGov порталы, 42500.enbek.kz сайты және Help42500Bot Telegram-боты арқылы жіберу мүмкіндігі бар. Бұл ретте азаматтар өтінім жіберу кезінде қажетті жеке мәліметтерін енгізеді.

 Азаматтардың жеке мәліметтерін тексеру мен жіберілген өтінімді қарастыру үшін 3 жұмыс күні мерзімінде уақыт керек. Осыдан кейін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорында төлем жасау туралы шешім қабылданғаннан соң, өтінім берушіге SMS-хабарлама келеді. Кейіннен өтініш берушінің деректері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ға жіберіледі. Ол оны екінші деңгейдегі банктерге төлем жүргізу үшін бағыттайды.

Осы орайда мамандар өтініштерді қарау мерзімінің ұлғаюына жол бермеу мақсатында азаматтардан өтінімді бір рет қана жіберуді сұрап отыр. Себебі, азаматтар өтінімді бірнеше қайталап жіберген жағдайлар да кездесуде.

42 500 теңгені кім алады?

Төтенше жағдайдың жариялануына байланысты табысынан айырылған келесі санаттағы азаматтар айына 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлем алады:

–шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлері;

– карантин енгізілген елді мекендердегі ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлері;

– мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, коммерциялық емес заңды тұлғалардың жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлері;

– жеке кәсіпкерлер;

– жеке практикамен айналысатын адамдар (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор);

 – бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып саналатын жеке тұлғалар;

 – нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын аударған адамдар.

Министр не дейді?

 Жақында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов қашықтан жұмыс істейтін адамдар бұл төлемді ала алмайтынын түсіндірді.

 «42 500 теңге ресми, бейресми жұмыс істеп жүрген, бірақ төтенше жағдай салдарынан табысынан айырылған азаматтарға қарастырылған. Олар - жалдамалы қызметкерлер, шағын және орта бизнестің жұмыскерлері. Егер жалдамалы қызметкерлер мәжбүрлі түрде, ақысы төленбейтін еңбек демалысына жіберілсе немесе жұмыстан шығып қалса, аталған төлемді алуына болады. Қашықтан жұмыс істейтін адамдар бұл төлемді алмайды», - дейді министр.

Сонымен қатар ол жақында бұйрыққа қандай өзгеріс енгізілгенін айтты.

 «Жалдамалы қызметшілер қатарына коммерциялық емес ұйымдардың да жұмысшылары кіреді. Олар ақысыз демалысқа жіберілген болса, аталған төлемді ала алады. Мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік ұйымдарға бұл төлем берілмейді. Әлеуметтік төлем берілетін келесі топ – өз бетімен жұмыс істеп жүрген жеке тұлғалар. Олардың арасында ресми және бейресми жұмыспен айналысып жүргендер бар. Ресми жұмыс істеп жүргендер – жеке кәсіпкерлер, адвокат, нотариус, сот орындаушы мен медиатор, фрилансер сияқты жеке практикамен айналысып жүргендер. Олар төтенше жағдайға дейін тиісті әлеуметтік жарна аударған болса, өтініш беруіне болады. Олардың қатарына төтенше жағдайға дейін бірыңғай жинақтық төлемді аударған адамдар да жатады. Бейресми жұмыс істеп жүргендер – ешқашан еңбек шартын жасамаған, салық төлемеген, әлеуметтік төлем төлемеген, тіпті бірыңғай жинақтық төлемді де төлемеген адамдар. Мемлекет басшысы осындай адамдарға да 42 500 теңге төленуі керек екенін, бірақ ол үшін алдымен бір рет мәртебесін рәсімдеу керек екенін айтты. Мәртебені бір рет рәсімдеу деген – бірыңғай жинақтық төлемді төлеу. Оны бір рет төлесеңіздер, 42 500 теңгені ай сайын аласыздар. Бейресми жұмыс істеп жүргендер БЖТ-ны төлегеннен кейін келесі күні аталған портал арқылы өтініш бере алады», - деді Еңбек министрі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу