Елімізде коронавирустан тағы бір адам көз жұмды
Елімізде коронавирустан екінші адамның өлімі тіркелді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бұл туралы жедел түрде шұғыл өткізілген брифинг барысында Нұр-Сұлтан қаласындағы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова айтты.
- Өкінішке орай, бүгін коронавирустан еліміздің тағы бір азаматы көз жұмды. Ол 21 наурыздан бері дәрігерлер қарауында болған- деді Сәуле Қисықова.
Пациент 50 жаста болған. Бір ай бойы ауырып, медициналық көмекке жүгінбеген. Жұмысында жиі іс-сапарларға шығып тұрған. Жақын байланыста болған отбасы мүшелері мен жұмысындағы қызметкерлерден барлығы 31 адам ауруханаға жатқызылды.
Осы ретте басқарма басшысы тағы 6 адамның жағдайы ауыр екенін, билік тарапынан қойылған барлық талаптардың орындалуы және карантин режимінің сақталуы тиіс екенін баса айтты.