Қазақстанда коронавирустан бір адам көз жұмды
Елімізде коронавирустан бір адамның өлімі тіркелді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бұл туралы жедел түрде шұғыл өткізілген брифинг барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлім етті.
- Өкінішке орай, бүгін коронавирустан еліміздің бір азамтшасы көз жұмды. Туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз. Бұл орны толмас қайғы. Ертең Нұр-Сұлтандағы басқарма толық ақпарат береді, - деді Абаев.
Осы ретте министр билік тарапынан қойылған барлық талаптардың орындалуы және карантин режимінің сақталуы тиіс екенін баса айтты.
28 наурызда еліміздің үш қаласында жаңа шектеу шаралары күшіне енетінін еске саламыз.
- Бұл коменданттық сағат емес, бірақ ТЖ талаптарын бұлжытпай орындауларыңызды сұраймыз. Бұл шаралар азаматтарды қорғау мақсатында қабылданған. Оған түсіністікпен қарау қажет, - дейді министр.
Бүгінгі таңда Қазақстан бойынша коронавирус жұқтырғандардың саны 109 адамға жетті.
Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин режимін күшейту жөнінде шешім қабылданды. Бұл қалаларда азық-түлік, дәрі-дәрмек және жұмыстан бөлек себептермен далаға шығуға тыйым салынады, халық көптеп жиналатын орындар, саябақтар, жағалаулар мен ойын алаңдары жабылады.