Алтай ауданы су тасқынына дайын ба? Комиссия тексерді
Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданындағы елді мекендерді су алуы мүмкін бе? Арнайы құрылған комиссия аталған ауданға барып, су тасқынына дайындық жұмыстарын тексерді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Алтай ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығының міндетін атқарушы Қанат Әбділов бастаған комиссия аудандағы жағдай тұрақты деген қорытындыға келді.
– Мамандар су тасқынынан бұрын зардап шеккен елді мекендерін аралады. Айталық Тұрғысын, Малеевск, Снегирево, Соловьево, Путинцево ауылдарын, Зубовск кенті және Алтай қаласын. Сондай-ақ су өткізу құбырлары және көпірлердің тазалығын тексерді. Қаптар мен инертті материалдар қоры инспекцияланды. Су соруға арналған 32 мотопомпа тексерілді, – деп мәлімдеді ТЖД баспасөз қызметі.
Сонымен қатар комиссия уақытша эвакуациялық пункттерді және су тасқыны кезінде эвакуациялау үшін халықты жинайтын орындарды аралады. Осылайша комиссия мүшелері Алтай ауданы су тасқынына дайын деген қорытындыға келген екен.
Сондай-ақ облыс орталығынан барған мамандар жергілікті билікке су өткізу құбырлары мен көпірлерді үнемі тазалап тұруды және су деңгейін бақылауда ұстауды тапсырды.