ШҚО-да балалар автобусы жол апатына ұшырады
Өскемен – Шемонаиха тасжолында балалар автобусы мен жүк көлігі соқтығысты. Бұл туралы Дене шынықтыру және спорт басқармасы хабарлады.
Оқиға Өскеменнен шыға берістегі Прапорщиково (Глубокое ауданы) ауылының тұсында болған.
«Автобус балалар және жасөспірімдер арасындағы республика чемпионатына қатысуға аттанған. Салонда Орал қаласының – 12, ШҚО-ның 28 спортшысы болған. Жол-көлік оқиғасының салдарынан шығысқазақстандық 3 бала миы шайқалған деген күдікпен ауруханаға жеткізілді. Терезе сынғаннан кішігірім жарақат алған спортшылар ауруханаға барудан бас тартты. Сондай-ақ, спортшылармен бірге болған мемлекеттік жаттықтырушының аяғы сынған деген күдікпен ауруханаға жеткізілді. Салонда болған балалар спорттық бағдарлау спорты бойынша жарысқа қатысуға тиіс болған», – делінген Дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпаратында.
Басқарма мәліметінше, салонда барлығы 53 адам болған. Оның 46-сы бала. Кейбір ақпарат көздерінде емханаға 8 бала жеткізілгені жазылған.
Алдын ала мәлім болған ақпаратқа сенсек, Howo жүк көлігі қарсы жолаққа шығып кеткен.
Оқиғаның мән-жайы әлі де анықталуда.
Еске сала кетсек, дәл осы ауылдың маңында кеше АН-2 ұшағы құлаған болатын.