ШҚО-да бірыңғай мектеп формасы бекітілді
Шығыс Қазақстан облысында мектеп оқушылары бірыңғай форма киетін болады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы мәлімдеді.
– Бірыңғай мектеп формасының үш түрі бекітілді. Енді білім мекемелеріне енгізіле бастайды. Әрине, ата-аналар баласына бір-екі жылға арнап форма сатып алып қойды. Бұл жағдайға түсіністікпен қарау қажет. Сондықтан бірыңғай мектеп формасы біртіндеп енгізіледі, – деді Сайрангүл Жұмаділова.
Білім басқармасы басшысының айтуынша, көпбалалы отбасынан шыққан оқушыларға мектеп формасы тегін беріледі.
– 2020 жылы 20 мың оқушыға берілмек, – дейді облыстың бас педагогы.
Сондай-ақ мектеп мұғалімдері де бірыңғай формаға көшуі мүмкін. Білім басқармасының мәлімдеуінше, бірнеше аудандағы білім мекемелерінде бұл бастама қолдау тапқан. Бірақ ұстаздар формасы мектептің педагогикалық кеңесінде талқыланып, ұжымның бірауызды шешімінен кейін ғана бекітіледі.