KZ
Өскемен
+24°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, Ю
479.05 534.57 5.17

Жармалық оқушылар кітапты көп оқиды

30.01.2020, 08:38 211

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен қолға алынған «Кітап оқып, рухани бай бол!» атты байқаудың облыстық кезеңінде Жарма ауданының оқушылары тамаша нәтиже көрсетті, деп хабарлайды «Алтайньюс» тілшісі.

Байқау ережесіне сәйкес, бірінші кезеңіне Жарма ауданынан 30-дан астам оқушы қатысып, әлеуметтік желіде ең көп лүпіл жинап, жеңімпаз болған алты үміткер ІІ кезеңге жолдама алған-ды. Таяуда облыстық байқаудың ақтық сайысы Өскемендегі А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада өтті. Бұл сында оқушылар әуелі берілген шығарма бойынша тест сұрақтарына жауап берсе, екінші кезеңінде шығармадағы бас кейіпкерлердің болмысын ашу мақсатында пікірталастырды. Нәтижесінде Жарма ауданы, Ақтайлақ би атындағы орта мектебінің оқушысы Күміс Үмітқазы бірінші орынды, Бірлік орта мектебінің оқушысы Тамаша Рахат екінші орынды, Ақтайлақ би атындағы орта мектебінің оқушысы Нұрислам Қайратбекұлы үшінші орынды жеңіп алып, ақшалай сертификаттарға ие болды.

Сондай-ақ ұйымдастырушылар тарапынан Ақтайлақ би атындағы орта мектебінен Айқын Ихтисат, Бірлік орта мектебінен Аяжан Сейтқазы, П.Теряев атындағы орта мектебінен Айкөркем Кунапиянова алғыс хаттармен марапатталды.

– Жарма ауданынан келген оқушылардың дайындығы жоғары деңгейде болды. Жас өрендерді байқауға дайындаған аталған мектептердің әкімшілігіне, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне алғыс білдіреміз, – деді «Рухани жаңғыру» өңірлік орталығының басшысы Мәдениет Ахметова.

«Кітап оқып, рухани бай бол!» байқауы оқу мәдениетін дамыту және қолдау, халық арасында үздік көркем әдеби шығармаларды кеңінен тарату мақсатында қолға алынған шаралардың бірі екенін естеріңізге сала кетеміз.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив