«Әбден тоңдым». Семейде 90 жастағы зейнеткер қала әкімінен көмек сұрады (ВИДЕО)
Семейде 90 жастағы зейнеткер қала әкімінен көмек сұрады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Чехов көшесі, 90 мекенжайында тұратын кейуана әбден тоңдым дейді. Зейнеткер, жыл сайын «Қысқа 100% дайынбыз» деп жарты әлемге жар салатын «Жылукоммунэнерго» мекемесінің мамандарына өкпелі. Бұл туралы ол «semey_zhaloby2» паблигында айтқан.
- Құрметті әкім! Тоңып отырмыз. Былтыр да қысты тоңып өткізгенбіз, биыл да дәл солай. Қашан жылу береді? Қайда баруымыз керек? Кімге айтуымыз керек? Жасым болса тоқсанда, - дейді кейуана.
- Былтыр мәселе шешіледі деген, алайда нәтиже жоқ. Үйдің іші суық, ал біз жоқ жылуға ақша төлеп отырмыз. Көмектесулеріңізді сұраймыз, - дейді тұрғын Динара Уалиханова.
Естеріңізде болса, «Жылукоммунэнерго» мекемесі директорының орынбасары Николай Демин, жазда қазандықтардың көпшілігі жөндеу жұмыстарынан өтті. Сондықтан қыста ешқандай мәселе туындамайды, – деген болатын. Алайда шаһар тұрғындарының айтуынша баяғы жартас сол жартас.
- Бізге дәл сол мекенжайдан ешқандай шағым түскен жоқ. Сондықтан тұрғындар бұл мәселені алдымен келісімшарт бекіткен ПИК (КСК) басшылығына айтуы қажет, - дейді Жылукоммунэнерго мекемесі мамандары.
Айта кететін тағы бір жайт, жылыту маусымына биыл қала бюджетінен 295 миллион теңге, ал «Жылукоммунэнерго» 150 миллион теңге бөлген. Сондағы бөлінген қаражат – 445 миллион теңге.