KZ
Өскемен
-26°
туман жел 1 м/с, С
518.14 537.57 5.27

ШҚО-да Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ОВ-156/1 түзеу мекемесінде ашық есік күні өтті

29.11.2019, 10:33 172

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ОВ-156/1 түзеу мекемесінде ашық есік күні өтті. Ашық есік күні бұл жерде тоқсан сайын ұйымдастырылып отырады.

Аталған шара барысында жазасын өтеп жатқандарға өздерінің туған-туыстарымен, достарымен жүздесіп, сөйлесуге мүмкіндік туды. Кездесуге қатысушылар арасында облыс орталығынан бөлек өңіріміздің алыс-алыс аудандарынан, қалаларынан келгендер де көп болды. Көңілдерге қимастық сезім ұялатқан мұндай кездесу жыл бойы бірнеше мәрте өткізіліп тұрса да, ашық есік күнін сарыла күтіп жүретін адамдар аз емес. Жалпы, мұндай шараны ұйымдастырудағы мақсат – сотталғандарды жақындарымен кездестірумен ғана шектелмей, оларға дұрыс бағыт-бағдар беру, олардың темір тордан босап шыққаннан кейін қоғамның бір мүшесі ретінде заңнан аттамай өмір сүруіне титтей де болса ықпал ету.

Сөмке-дорбаларын арқалап туғанына үйдің дәмін таттыруға келген адамдар бұл күні бір сәтке болсын сағыныштарын басып, жақын адамының амандығын көріп, бостандықта кездесуге үміт етіп жатты. Арнайы тексеру бөлмесінен өткеннен кейін сақшылар сотталғандардың туғандарын мекеме ішіне алып кірді. Осы сәтте туғанын тағатсыздана күтіп отырған жазасын өтеушілер көпшілік арасынан өздерінің жақындарын іздей бастады. Көзіне жас алған аналар кімді де болмасын тебірентпей қоймайды.

Кездесуге келгендерді ОВ-156/1 түзеу мекемесі бастығының тәрбие жұмысы бойынша орынбасары, әділет капитаны Ермек Айтмұқашев қарсы алды. Ашық есік күніне жазасын өтеп жатқан 12 адамның 20-дан астам туған-туысы келді. Оларға мекеме басшылығы жазасын өтеушілердің жатын бөлмелерін, киім сақтау, асхана, демалатын және жұмыс орындарын көрсетті. Бұдан кейін мекеменің мәжіліс залында жазасын өтеушілер мен туғандары емін-еркін отырып сөйлесуге мүмкіндік алды. Алдағы уақытта да мұндай іс-шара өз жалғасын табатын болады.

М. Айтқали,
әділет аға лейтенанты
ОВ-156/1 мекемесі

Оқи отырыңыз

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу