Қасқыр шекарадан бері өткенде ғана ату керек – Тарбағатайдың әкімі
Тарбағатай ауданы әкімінің айтуынша, Ахметбұлақ ауылының тұрғындарына қасқыр атуға рұқсат берілді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Аудандағы прокуратура, полиция, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және шекара қызметкерлерімен келісімге келдік. Келісім бойынша, шекаралы ауылдардағы мылтығы бар 15 шақты адамға қасқыр атуға рұқсат берілді. Олардың ішінде Жаңаауыл ауылдық округіне қарайтын Жаңаталаптан 8, Ахметбұлақтан 2 қаруы бар адам рұқсат алды. Әлбетте, олар түз тағысын бейберекет ата бермейді. Өзіндік шарттары бар, оларға түсіндірілген. Мәселен, қасқыр шекарадан бері өткенде ғана қару кезену керек, – деді аудан әкімі Серікқазы Садуақасов.
Сондай-ақ тұрғындар кешкілік мектептен қайтатын оқушыларға алаңдайтынын айтқан болатын.
– Келесі жылы ауыл көшесіне жарық тартып береміз. Алдағы уақытта тұрғындармен тағы бір мәрте кездесіп, айтар уәжін тыңдап қайтамыз. Керек болса, оқ-дәрісін де алып береміз, – деді аудан әкімі.
Естеріңізде болса, Ахметбұлақ ауылында бір үйдің 70 қойы қырылғанын жазып едік.