KZ
Өскемен
-2°
туман Штиль
494.87 520.65 4.91

Жыл соңына дейін Глубокое ауданының ауылдары интернетке қосылады

19.09.2019, 03:51 249

Облыста ағымдағы жылдың аяғына дейін барлығы 113 мемлекеттік мекеме мен бюджеттік ұйым жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Соның ішінде «Талшықты-оптикалық байланыс желіжолы технологиясы бойынша Қазақстан Республикасының ауылдық елді мекендерін кеңжолақты қатынаумен қамтамасыз ету» жобасын жүзеге асыру барысында ағымдағы жылдың аяғына дейін облыстағы 35 ауыл жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етілмек.

Шығыс өңірлік телекоммуникация дирекциясы шалғайдағы ауылдық елді мекендерді жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету және технологиялық жаңартуды жеделдету жобасын жүзеге асыру мақсатында Аягөз, Глубокое, Катонқарағай және Үржар аудандарында талшық-оптикалық байланыс желісін салып жатыр. Жоба шеңберінде аталған байланыс желіжолына 113 мемлекеттік мекемені қосу жоспарлануда.

Естеріңізде болса, жоғарыда аталған жоба аясында Шығыс өңірлік телекоммуникация дирекциясы 2018 жылы Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының 10 ауылдық елді мекенінде ТОБЖ салу бойынша желіні жаңғырту, сондай-ақ 561 медициналық мекеме мен 718 мектепті жылдамдығы жоғары интернетке қосу жұмыстарын жүргізген болатын.

Бүгінгі күні облыста Көкпекті ауданының Преображенка және Көкжайық ауылдары бағытында ауқымды оптикалық желі салынуда. Бұл 8 мемлекеттік мекеме мен бюджеттік ұйымды, оның ішінде 2 мектеп, 2 аурухана, 2 жергілікті әкімшілік ғимаратын және 2 полиция пунктін ғаламторға қосуға мүмкіндік береді.

– Жобаны жүзеге асыру интернет желісіне қосылу жылдамдығын көбейтіп қана қоймай, тұрғындарға электрондық мемлекеттік қызметті алуға жағдай жасайды, балалар үшін оқу үдерісі барынша қызығырақ болады. Өйткені, мұғалімдер мен оқушыларға қашықтықтан оқу, электронды күнделік тәрізді заманауи цифрлық қызмет пен жобаларға жол ашылады. Денсаулық сақтау саласы мамандары медициналық ақпараттық жүйелерге қосылып, қағазсыз медициналық құжат айналымына ауыса алады, – дейді Шығыс Қазақстан жергілікті желілерінің техникалық торабы директоры Ғазинұр Райымханов.

Сонымен қатар ағымдағы жылдың аяғында Аягөз, Глубокое, Катонқарағай және Үржар аудандарының тұрғындары жоғары жылдамдықтағы интернетті, жоғары сапалы цифрлық телевидениені пайдалануға және заманауи телекоммуникация қызметтерінің үлкен спектріне қол жеткізе алмақ.

Ал келесі жылы талшықты-оптикалық байланыс желісін салу жұмыстары жалғасын табады. 2020 жылы жоба аясында өңірдің 49 елді мекеніне және 191 мемлекеттік мекемесіне оптика тарту жоспарланып отыр.

Оқи отырыңыз

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу