KZ
Өскемен
-13°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОШ
509.63 592.34 6.54

Президент тапсырмасы орындалды: Шығыс Қазақстанда ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталығы ашылды

29.12.2025, 16:05 750 Базарова Айгүл

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында әр облыста ерекше қажеттіліктері бар, соның ішінде аутизм спектріндегі балаларға арналған орталықтар ашудың маңызын атап өтіп, бұл бағытта әкімдіктерге демеушілер мен арнайы қорларды тартуды тапсырған болатын. Осы міндет аясында Шығыс Қазақстанда облыс орталығымен қатар ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соның жарқын дәлелі – бүгін Ұлан ауданында өңір үшін маңызды әлеуметтік нысан, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталығының ашылуы. Жаңа орталық Мемлекет басшысы жүктеген әлеуметтік міндеттердің нақты іске асып жатқанын көрсетіп, ауылдық жерлерде инклюзивті орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болмақ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Әлеуметтік саланы дамыту, ауыл тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру жағдайларын қалыптастыру – өңір саясатының басым бағыттарының бірі. Бүгін Бозанбай ауылында өз жұмысын бастаған аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталығы сол жұмыстың айқын айғағы. Кешен негізінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған аудандық оңалту орталығы құрылды. Нысан ауылдық жерлерде әлеуметтік және инклюзивті инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «BAQUATTY AIMAQ» бастамасы аясында жүзеге асырылды. «Baquatty aimaq qory» қоғамдық қоры мен «Самұрық-Қазына» бірыңғай қайырымдылық операторы қолдау көрсетті.

Орталық аутизм спектріндегі бұзылыстары бар балаларға кешенді көмек көрсетуге маманданған. Мұнда мінез-құлықты түзету, әлеуметтік, сөйлеу және когнитивтік дағдыларды дамытуға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіледі. Бес күндік стационар 50 баланы қабылдауға есептелген, сондай-ақ жергілікті тұрғындар үшін 70-тен астам жаңа жұмыс орны ашылды.

Халықтық дәстүрге сай, игі істің бастауына ақсақалдар бата беріп, бұл күннің маңыздылығына ортақ қуаныштарын білдірді.

– Бүгін – Ұлан ауданы үшін ерекше әрі маңызды күн. Әлеуметтік маңызы зор нысан өз жұмысын бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін тең мүмкіндіктер жасаудың және шағын әрі орта оңалту орталықтарының желісін кеңейтудің маңызын бірнеше мәрте атап өтті. Бұл орталықтың ашылуы – сол тапсырмалардың жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын көрсетеді, – деді өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов

Орталықта әлеуметтік қолдау сегіз басым бағыт бойынша көрсетіледі. Мұнда тіпті ең кішкентай тәрбиеленушілердің жан-жақты дамуы мен жайлы болуы үшін барлық жағдай жасалған. 

– Сіздердің сабырларыңыз бен балаларыңызға деген шексіз махаббаттарыңыз – бүкіл қоғам үшін үлкен үлгі. Бұл орталық сіздер үшін күш пен сенім сыйлайтын орынға айналсын. Кәсіби мамандармен бірлесе отырып, балаларымыздың болашағы үшін бірге еңбек етеміз, – деді аймақ басшысы.

Толыққанды оңалту үшін орталықта емдік дене шынықтыру залы, тұзды және шунгит бөлмелері, тігін және жүн өңдеу шеберханалары, робот техникасы кабинеті, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау және сенсорлық интеграция бөлмелері қарастырылған. Сондай-ақ, ойын аймағы, ерте араласу кабинеті және демалыс бөлмелері бар. Ұлан ауданы әкімдігі мен «Baquatty aimaq qory» қоғамдық қоры арасындағы келісім аясында орталық мамандарын оқыту ұйымдастырылды. Қосымша жиһаздар мен техника, оқу құралдары жеткізіліп, заманауи медициналық және оңалту жабдықтары сатып алынды.

– Елімізде денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау жүйесі кезең-кезеңімен дамып келеді. Қазіргі заман талаптарына сай, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді әлеуметтік қызметтер көрсетуге жағдай жасалуда. Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттің басты құндылығы – адам екені ерекше атап өтілген. Мемлекет басшысының әлеуметтік қорғау саласындағы тапсырмаларына және инклюзивті қоғамды дамыту бағытына сәйкес, ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған орталықтарды өңірлерде ашу бағдарламасы аясында Бозанбай ауылында осы аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталығы құрылды, – деді «Samruk-Kazyna Trust» компаниясының бас директоры Альфия Адиева.

Оның айтуынша, орталықта кабинеттерді жарақтандыру мен қолжетімді, жайлы орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінген.

– Барлық ата-аналардың атынан осындай орталықтың ашылғаны үшін бірінші кезекте мемлекетімізге, Президентімізге, барша қолдау білдірген жандарға алғысымды білдіремін. Бұл – балаларымыздың өз ауданымызда білім алып, дамуына берілген зор мүмкіндік, – деді ерекше қажеттіліктері бар 9 жастағы баланың анасы Эльмира Оңғарбаева.

Сонымен қатар, Жаңұзақ ауылында Ш. Башиков атындағы негізгі мектепте жаңа спорт залы пайдалануға берілді. Жалпы аумағы 400 шаршы метрден асатын кешен оқу-жаттығу сабақтарына арналған. Ғимаратта холл, дәліз, жаттықтырушы кабинеті, ұлдар мен қыздарға арналған киім ауыстыратын бөлмелер, шомылу бөлмесі, әжетханалар мен санитарлық тораптар қарастырылған. Спорт залы заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, барлық инженерлік желілерге қолданыстағы нормативтік талаптарға сай қосылған. Нұрымбет Сақтағанов бұл нысанның бұқаралық спортты дамытуға және жыл бойы дене шынықтырумен айналысуға қолайлы жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті.

Ұлан ауданында жаңа әлеуметтік және спорттық нысандардың ашылуы Шығыс Қазақстанда ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған жұмыстардың жалғасып жатқанын көрсетеді. Алдағы уақытта инклюзивті инфрақұрылымды дамыту мен қолжетімді спорт өңірлік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып қала бермек.


Дамир Омаров

Фото: Махаббат Ахмеджанова

Видео: Евгений Щетников

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу