"Күршім" паромы қашан жөнделеді?
«Қызыл Ту» өткеліндегі сынып жатқан паромның қашан жөнделері белгілі болды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Естеріңізде болса, осыдан бірер сағат бұрын Бұқтырма су қоймасының өткелінде екі бірдей паромның бұзылып қалғанын жазған едік. Халықты әбден әбіргерге түсірген паром қашан іске қосылады?
– Арнайы саймандардың бәрі бар. Таң атқаннан жөндеп жатырмыз. Кешке дейін паром өз жұмысын бастап қоюуы тиіс. Аудан жұртшылығын жағалауда қалдырмас үшін «Светлов» кішкентай баржасын шығардық. Бұл баржамен шамалап айтқанда, 26-30 жеңіл көлікті тасымалдауға болады, – дейді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Нұржан Жұмәділов.
Айтпақшы, үшінші тамыздан бастап қирап жатқан «Ертіс паромының» қозғалтқышына бөлшек табылмай жатқан көрінеді. Н.Жұмаділовтың айтуынша, 60-шы жылдарда шыққан қозғалтқышқа қажетті бөлшектер қазіргі уақытта сатылымда жоқ екен.
Мекеме басшылығы болса, аудан тұрғындарының біраз сабырлық танытуын сұрайды.