Аягөзде ет қымбаттады. Қандай шара қабылдануда?
Аягөзде бағаны тұрақтандыру мақсатында ауыл шаруашылық жәрмеңкесі үздіксіз ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Аталмыш іс-шара аудан әкімі Ділдәбек Оразбаевтың бастамасымен қолға алынды.
Жәрмеңкені апта сайын өткізуге Аягөз ауданында ет бағасының қымбаттауы себеп болған. Мұнда орташа есеппен бір келі еттің бағасы 2000 теңгеге дейін көтерілді. Осы мәселенің алдын алу мақсатында әр сенбі сайын орталық алаңда жәрмеңке ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. Енді Аягөз ауданының тұрғындары дәл сол етті төмен бағада ала алады.
Мысалы, аягөздіктер үшін жәрмеңкеде қой еті 1400, сиыр еті 1500 теңге, жылқы еті 1600 теңгеден аспайтын бағада сатылымға шықты. Еттен бөлек, сүт өнімдері, картоп, пияз, сары өрік сынды тауарлар да бар.
Жәрмеңкеге тек Аягөз ауданы маңындағы ауылдар ғана өнімдерін саудалай алады. Бұл ауыл шаруаларына да, тұтынушыларға да тиімді екенін айта кеткен жөн.
К.Сайбулатов, Аягөз ауданының тұрғыны:
- "Жәрмеңкенің ашылғаны жақсы болды. Қаланың ішінде. Халыққа жақын. Анау қаланың шетіне барып жүрмейміз. Өзім үш рет келдім. Ет деген арзан. Құрт,сүт, май бәрі арзан. Осыны ұйымдастырған әкімшілікке алғысымызды айтамыз".