«Көзбояушылықты қашан қоясыңдар?» - Аягөздіктердің жәрмеңкеге көңілі толмайды
Аягөз қаласында әр аптаның сенбі күндерінде жәрмеңке ұйымдастырылып отыратыны жайлы жазған едік. Тұрғындарға ауыл шаруашылық өнімдерін төмен бағамен алуға мүмкіндік беретін бұл шараға халықтың өкңілі толмайды екен, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Апта сайын өтетін жәрмеңке нарықтағы бағаны тұрақтандыру үшін аудан әкімінің тапсырмасымен арнайы ұйымдастырылған.
Аягөз ауданының Ішкі саясат бөлімі facebook әлеуметтік желісінде жәрмеңкедегі бағаларды жариялаған болатын.
- Орталық алаңда кезекті ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге қойылған өнімдердің бағасы келесідей: ірі қара еті - 1400 теңге, жылқы еті - 1500 теңге (сан еті - 1600, қазы - 2300, жая - 2000), қой еті - 1400 теңге, сары май - 2500 теңге, сүттің литрі - 180 теңге қымыздың литрі - 500 теңге, кілегей - 1500 теңге, бір кесе құрт - 300 теңге, келісі - 1300 теңге, қайнатылған құрттың литрі - 900 теңге, қатықтың кесесі - 200 теңге, ақ ірімшіктің кесесі - 150 теңге, келісі - 600 теңге, қызыл ірімшіктің кесесі - 300 теңге, келісі - 1200 теңге, жент - 900 теңге, жұмыртқаның бір данасы - 35 теңгеден, пияз - 70 теңге, көтерме бағасы - 65 теңге, картоп - 80 теңге, көтерме бағасы - 70 теңге, болгар бұрышы - 150 теңге, сәбіз бен орамжапырақ - 80 теңге, қызылша -90 теңге. Бұл бағалар облысымыздағы өзге аудандармен салыстырмалы түрде алғанда төмен болып тұр, - деп жазылған әлеуметтік желідегі хабарда.
Алайда аудан халқы көрсетілген бағалармен мүлде келіспейді екен. Адамдар жәрмеңкенің еш арзандығы жоқ екенін айтып шағымданды.
- Ішкі саясат өтірік жарнамадан жалықпайсындар екен. Сүттің литрі 250 теңгеден, май - 2800 теңгеден, бір кесе құрт - 400 теңгеден сатылды. Сендер көрсеткен баға əкімдік үшін. Көзбояушылықты қашан қоясыңдар? – дейді олар.