Сібе көлдері шомылу маусымына даяр
Ұлан ауданындағы Сібе көлдері, соның ішінде №3 Шалқар көлінде шомылу маусымының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Мерекелік-іс шарада жағажай волейболынан халықаралық жарыс ұйымдастырылды. Ал демалушылар арасында отбасылық сайыстар өткізіліп, бағалы сыйлықтар табысталып жатыр.
– Шалқар көлінде демалушыларға ыңғайлы жағдай жасалған. Балаларға арналған суға шомылу алаңы да бар. Дәмхана, әжетхана сынды қоғамдық орындар таза. Сондай-ақ, киіз үйлер тігіліп, әзір тұр. Ал құтқару мен жедел жәрдем қызметі тұрақты жұмыс істеуде, – деді аудан әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Болат Мамырбаевтың айтуынша, мұнда жыл сайын 20 мыңнан астам адам келіп демалады екен.
Жаздың алғашқы мейрамына танымал эстрада әншісі Дастан Оразбеков келіп өнер көрсетті.
– Қаншама ел мен жерді аралап жүрсем де, мұндай таудың ортасындағы тамаша көлдерді көрмеппін. Маған қатты ұнағаны сонша, отбасымды шақыртып алдым. Бұйырса осы Шалқар көлінде бір апта суға шомылсақ дейміз, – деді Дастан Оразбеков.