АІВА ХОК-тан шығып қалды. Бокс жарыстарын Гимнастика федерациясы өткізеді
Бокс Қауымдастығы (АІВА) Халықаралық Олимпиада комитетінен шығарылады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бірақ бокс 2020 жылғы Токио Олимпиадасының бағдарламасында қалды. Аталған ақпараттты ХОК баспасөз қызметі таратып отыр.
Бұл шешімді Ненад Лалович басқарған арнайы Тергеу комиссиясы қабылдады.
ХОК атқарушы комитеті АІВА-дағы қаржы, басқару, этика және төрешілікке қатысты даулы мәселелердің анық-қанығын білу мақсатында 2018 жылдың 30 қарашасында арнайы комиссия құрған болатын. АІВА-дағы мәселелер бүгінге дейін комиссияның қатаң бақылауында болды.
Атқарушы комитеті мәселені егжей-тегжейлі тексере келе, боксты 2020 жылғы Токио Олимпиадасының спорттық бағдарламасында қалдыруды жөн деп шешті. Ең қызығы бокстың алдағы жарыстарын Гимнастика федерациясы өткізеді. Анықтап айтайық, Олимпиада комитеті Халықаралық Гимнастика федерациясының президенті Моринари Ватанабенің басшылығымен арнайы топ құрды. Оның құзыреті төмендегідей:
1. Спорттың барлық саласындағы гендерлік теңдікті көтеру мақсатында бокстан келесі жарыстарды өткізу:
а. 2020 жылдың қаңтары мен мамыры аралығында өтетін бокстан 2020 жылғы Токио Олимпиадасына іріктеу жарыстары;
б. Токио Олимпиадасындағы бокс турнирі.
2. 2019 жылғы маусым айының соңына дейін Токио Олимпиадасына іріктеу жүйесін әзірлеу:
а. Ерлер мен әйелдер арасындағы салмақ дәрежелерін анықтау;
б. Гендерлік теңдікті көтеру мақсатында бокс бәсекесіне квота тарату;
в. Іріктеу сындарына квота тарату талаптарын орнату.
ХОК 2020 жылдың қаңтары мен мамыры аралығында өтетін Олимпиаданың іріктеу турниріне арналған жаңа күнтізбе әзірлейді.
Ал АІВА-ны ХОК мүшелігіне қайтару мәселесі 2020 жылғы Токио Олимпиадасынан кейін ғана қайта қаралады.