Ресейлік арна «Голос. Дети» шоуында Алсудың қызына берілген жеңістің күшін жойды
Ресейлік «Первый канал» арнасы «Голос. Дети» шоуының алтыншы маусымындағы финал қорытындысының күшін жойды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл туралы «Москва 24» арнасы мәлімдеді.
Арнаның ақпаратына сүйнесек, барлық финалистердің қатысуымен өтетін шоу 24 мамырда қайтадан арнайы көрсетілім ұйымдастырады.
Кибершабуылдардың алдын алуға және күрделі сандық тергеулерді жүргізуге маманданған Group-IB компаниясы Алсудың қызының пайдасына жаппай SMS жіберілгенін анықтады.
Еске салайық, 26 сәуірде 11 жастағы отандасымыз Ержан Максим «Голос. Дети» байқауында 2-орын иеленген болатын. Ол 27,9 пайыз дауыс жинаған еді. Байқауда ресейлік танымал әнші Алсу мен бизнесмен Ян Абрамовтың қызы Микелла Абрамова көрермендер тарапынан 56,5 пайыз дауыс жинап, бас жүлдені жеңіп алды. Алайда байқау нәтижесі желіде үлкен дау тудырып, көпшілік нағыз жеңімпаз деп Ержан Максимді таныды.