Шығыс Қазақстан экономикасы – 2025: өңдеуші өнеркәсіп саласы республика бойынша үшінші орынға шықты
2025 жылы Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында шешуші рөлді өнеркәсіп саласы атқарды. Өңірлік жалпы өнім құрылымындағы өнеркәсіптің үлесі шамамен 42 пайызды құрады, деп хабарлайды Altainews.kz.
Индустриялық сектордың негізін өңдеуші өнеркәсіп қалыптастырып отыр. Бұл сала республика өңірлері арасында 9,6 пайыздық үлеспен үшінші орынға шықты. Ал 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша облыстың өңдеуші өнеркәсібінің ел экономикасындағы үлесі 1,5 пайыздық тармаққа өсіп, өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 8,19 пайыздан жоғарылады.
Сонымен қатар, 2025 жылғы қаңтар–желтоқсан айларының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексі 95 пайызды құрап, өндіріс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға төмендеді. Жалпы өндіріс көлемі 3,3 трлн теңгеден асты. Оның ішінде өңдеуші өнеркәсіпте өндіріс 2,9 трлн теңгені, ал тау-кен өндіру саласында 213,9 млрд теңгені құрады.
Алайда жыл бойы өндірістік белсенділіктің қалпына келу үрдісі байқалды. Егер қаңтар айында өңдеуші өнеркәсіптегі нақты көлем индексі 71,6 пайыз деңгейінде болса, желтоқсан айында бұл көрсеткіш 95 пайызға дейін өсті. Бұл өңір кәсіпорындарының біртіндеп тұрақты жұмыс режиміне көшкенін көрсетеді.
Есепті кезеңде бірқатар негізгі өнім түрі бойынша өндіріс көлемінің төмендеуі тіркелді. Атап айтқанда, тазартылған алтын өндіру 5,3 пайызға, тазартылған күміс – 18,8 пайызға, өңделмеген қорғасын – 30,2 пайызға, мырыш – 6,5 пайызға, алтын құрамды концентраттар – 9,4 пайызға қысқарды.
Фото: Жібек Нұрахмет