ШҚО-да өңдеуші секторда 2032 жылға дейін 964,9 млрд теңгенің инвестициялық жобалары жүзеге асады
2025 жылы облыстың өңдеуші өнеркәсібіне тартылған жеке инвестиция көлемі 99,7 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,1 пайызға артық. Десе де, кей салаларда физикалық өндіріс көлемінің төмендеуі байқалды. Бұл туралы бүгін облыстық әкімдіктің отырысында айтылды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Жалпыұлттық инвестициялық жобалар пулы аясында өткен жылы өңірде бірнеше маңызды өндіріс орны ашылды. Атап айтқанда, Алтай ауданында жаңбырлатқыш машиналар өндірісі іске қосылды, ал Өскемен қаласында май зауытының құрылысы басталды.
Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Исатай Ансаттың ақпаратты бойынша, 2032 жылға дейін өңдеуші секторда жалпы құны 964,9 млрд теңгені құрайтын 29 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл 3,6 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, бірегей «Үлбі-ТВС» кәсіпорны жобалық қуатына шығып, жылына 200 тонна уран өңдеуге қол жеткізді. Мұнда өндірілетін атом электр станцияларына арналған отын жинақтарының барлығы көрші елдерге экспортталады.
Бұған қарамастан, 2025 жылдың басынан бері бұл салаға 87,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Ұлттық цифрлық инвестициялық платформаға тау-кен саласы бойынша жалпы құны 552,9 млрд теңгені құрайтын 6 жоба енгізілген.
Негізгі тәуекел: кен орындарының сарқылуы
Қазіргі таңда Риддер қаласындағы «Тишинское» және «Долинное» кен орындары қорларының сарқылу кезеңіне жетті. Оларды игеру тиісінше 2027 және 2029 жылдары аяқталады.
Осыған байланысты облыс әкімдігінің қолдауымен «Қазцинк» компаниясының үш жаңа кен орнын игеру мәселесі қайта жанданды. Бұл жобалар өндіріс көлемін сақтауға және өңір өнеркәсібінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста 62,5 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істеп тұр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,4 пайызға аз. Мұның басты себебі – салықтық әкімшілендірудің күшеюі және жаңа Салық кодексінің енгізілуі.
Сонымен бірге, шағын және орта бизнестің өңір экономикасындағы үлесі артты. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында ол жалпы өңірлік өнімнің 26,2 % құрады.
2025 жылы шағын және орта бизнесті қолдауға 1,5 млрд теңге бөлініп, нәтижесінде салық түсімдері 47,8 %, өндіріс көлемі 34,2 % өсті.
2025 жылы бөлшек сауда тауар айналымы 1,4 трлн теңгені құрап, 0,6 пайызға артты.
Көтерме сауда көлемі 1,0 трлн теңгеге жетіп, 20,9 пайыздық өсім көрсетті.
Жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін кәсіпорындармен есептілікті уақытылы тапсыру және тауар айналымын нақтылау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Фото: Жібек Нұрахмет