Импорт екі есеге артты: 2025 жылғы ШҚО-ның сыртқы сауда қарқыны
Шығыс Қазақстан облысында 2025 жылдың қаңтар–қараша айларындағы сыртқы сауда қорытындылары жарияланды. Облыс әкімдігінде өткен жиында бір жағынан қуанышты, екінші жағынан мұқият талдауды қажет ететін көрсеткіштер айтылды. Сыртқы сауда айналымы артқан, импорт көлемі күрт өскен, соған қарамастан өңірдің сауда балансы оң деңгейде сақталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жиында сыртқы сауда мәселесіне ерекше назар аударылды. 2025 жылдың қаңтар–қараша айларының қорытындысы бойынша Еуразиялық экономикалық одақ елдерін қоса есептегендегі Шығыс Қазақстан облысының сыртқы сауда айналымы 4,4 млрд АҚШ долларын құрап, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 100,8 пайызды көрсетті.
Экспорт көлемі 2,6 млрд АҚШ долларына жеткенімен, 4,5 пайызға төмендегені тіркелді. Ал импорт, керісінше, айтарлықтай өсіп, 1,8 млрд АҚШ долларын құрады. Өсім бірден 91,2 пайызға жеткен. Осындай айқын айырмашылыққа қарамастан, өңірдің сауда балансы оң болып қалыптасып, 735,6 млн АҚШ доллары деңгейінде сақталды.
Шығыс Қазақстанның негізгі сыртқы сауда серіктестері қатарында бұрынғысынша Ресей Федерациясы жетекші орын алады — 25 пайыз. Одан кейін Қытай Халық Республикасы (24,3%) тұр. Сондай-ақ ірі әріптестер тізіміне Қырғызстан (10,2%), Түркия (7,6%), Өзбекстан (4%), Мексика (4%) және өзге де мемлекеттер енді.
Өңірдің экспорттық құрылымы дәстүрлі түрде өнеркәсіп саласына негізделген. Экспорттың негізгі үлесі металдар мен олардан жасалған бұйымдарға тиесілі — 64,9 пайыз. Сонымен қатар экспорт құрылымында жануарлар мен өсімдіктерден алынатын өнімдер және дайын азық-түлік тауарлары 14 пайызды құрайды. Ал жабдықтар, аспаптар мен аппараттардың үлесі — 3,7 пайыз.
Импортқа шығарылған тауарлардың ішінде бірінші орында минералды өнімдер тұр — 35 пайыз. Одан кейін машиналар, жабдықтар, көлік құралдары, аспаптар мен аппараттар — 16,7 пайыз. Жануарлар мен өсімдіктерден алынатын өнімдер және дайын азық-түлік тауарларының үлесі 4,4 пайызды құрайды.
Ұсынылған деректер өңірдің экономикалық дамуын талқылау аясында және алдағы кезеңге арналған басым бағыттарды айқындау барысында қаралды. Облыс әкімдігінде сыртқы сауда көрсеткіштері Шығыс Қазақстан экономикасының тұрақтылығын айқындайтын маңызды индикатор болып қала беретінін атап өтті. Осыған байланысты 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған міндеттерді жоспарлау кезінде бұл мәліметтерді жан-жақты әрі мұқият талдау қажеттігі айтылды.
Дамир Омаров
Фото: Жібек Нұрахмет


