ШҚО-да пойыздардың шұғыл тежелуі жиіліп кетті. «Атты патрульдердің» көмегі қандай?
ШҚО көлік прокуратурасының мәлімдеуінше, осы жылы пойыздардың шұғыл тежелу саны өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға өскен. Мамандардың сөзінше, бұған себеп – адамдар мен үй жануарларының жиі-жиі шойынжолға шығып кетуі, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Адамдар мен жануарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жақын арада теміржолдардың бойына арнайы қоршаулар орнатуды жоспарлап отыр прокуратура. Сондай-ақ шойынжолдың шетінде орналысқан шаруашылықтардың мал-сұлын шалғай өріске айдау мәселесі қарастырылып жатыр.
Пойыздардың емін-еркін жүйіткуіне қолай ету үшін Көлік прокуратурасы аудандық және ауылдық әкімдіктермен бірлесе отырып, жолшаруашылығының жұмысшыларынан «атты патрульдер» арнайы жасағын құрды. Бұдан бөлек өткен жылдан бастап пойыздардың кәбинесіне видеотіркегіштер орнатыла бастағанын айта кеткен жөн.
– Мұндай шара теміржолдардағы құқық бұзушылықтарды тіркеуге айтарлықтай септігін тигізеді. Сондай-ақ пойыздың шұғыл тежелуіне кінәлі тұлғалардың жауапкершіліктен жалтаруына жол бермейді, – дейді ШҚО көлік прокуратурасының прокуроры Ертіс Қалиев.
Оның айтуынша, тіркеу камералары арқылы барлық құқық бұзушылықтарды машинист тікелей полицияға жібереді.
Көлік прокуратурасында бұл шаралардың барлығы пойыздардың шұғыл тежелу санын қысқартуға көмектеседі және адамдар мен жануарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді деп сенеді.