KZ
Өскемен
облачно с прояснениями жел 1 м/с, В
485.04 525.98 5.04

Шиеліден Риддерге қоныс аударғандардың қал-жағдайы қалай?

2.05.2019, 05:07 148

Сонау Қызылорданың Шиелісінен Риддерге қоныс аударған Мақсұт Сейіткамал бұл жақты жатсынған жоқ. «Қазақстанның қай жері болмасын қазақтың жері» дейді ол.

Мақсұт 2014-2017 жылдары «Серпін» бағдарламасы бойынша Риддердің аграрлық колледжінде оқып, бітірген соң «Казцинк» ЖШС-іне жұмысқа орналасқан.

– Оқуымды аяқтаған соң, бірден жұмысқа орналастым. Жарым Алмагүл Әміреновамен оқып жүріп таныстым. Кейін көңіліміз жарасып, шаңырақ көтердік. Көші-қон бағдарламасы арқылы пәтер жалдауға кезекке тұрып, субсидия алдық. Сөйтіп, 2018 жылы баспаналы болдық, – дейді Мақсұт Сейіткамал.

Мақсұтқа қаланың тыныс-тіршілігі ұнаған болса керек, туған інісі Ұланды да шақыртып, «Казцинкке» жұмысқа орналастырыпты. Ал жары Алмагүл Риддер қалалық жұмыспен қамту орталығында істейді. Ол да «Серпін» бағдарламасымен Алматы облысының Талғар ауданынан келген.

– Мақсұт екеуіміз бірге оқығаннан кейін Риддерде қалайық деп шештік. Баспанамыз, жұмысымыз бар. Мен осында көшіп келетін отбасылармен жұмыс істеймін. Өзім көшіп келгеннен кейін де олардың жағдайын жақсы түсінемін, – дейді Алмагүл.

Осы уақыт аралығында «Жұмыспен қамтудың жол картасы- 2020» және «2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламалары арқылы кеншілер шаһарына 860 адам қоныс аударыпты. Олардың 193-і жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 667-сі өзге өңірлерден қоныс аударушылар, оның 20-сы "Серпін" бағдарламасының түлектері.

Соның өзінде Риддерде 283 жұмыс орны бос тұр. Қала әкімі Жомарт Мұратовтың айтуынша, шаһарға негізінен мұғалімдер мен дәрігерлер керек. Өйткені қазір қалада жұмыс істеп жүрген мұғалімдердің дені зейнеткерлер. Дәрігерлердің де 30 пайызы зейнет жасындағылар.

Ендеше, мамандығыңыз бола тұра жұмыс таппай жүрсеңіз, Батыс Алтай баурайындағы шағын шаһарды бетке алсаңыз болады.

Керек дерек:

2013-2019 жылдар аралығында Риддерге 66 мұғалім,
45 медицина қызметкері,
294 әртүрлі мамандық иесі келген.
2019 жылы 35 отбасын (105 адам) қоныстандыру жоспарланып отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив