Президенттікке үміткерлердің бірі сайлауға түсуден бас тартты
Құрылысшылар одағының атынан президент сайлауына түсуге ниет білдірген Талғат Ерғалиев өтінішін қайтарып алды. Бұл туралы "Ақ Жол" партиясының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Айта кетсек, Талғат Ерғалиев - "Ақ Жол" партиясының мүшесі, Құрылысшылар одағының басшысы.
Бұған дейін демократиялық партияның съезінде жасырын дауыс беруде Талғат Ерғалиев 31,6 пайыз дауыс жинап, екінші орын алған. Партиялық дауыс берудің нәтижесінен кейін ол сайлауға Құрылысшылар одағының атынан түсуге бел буған екен.
Дегенмен, партия төрағасы Азат Перуашевпен кездескеннен кейін Талғат Ерғалиев Орталық сайлау комитетінен өтінішін қайтарып алды. Ол "Ақ Жол" партиясының атынан ұсынылған үміткер Дания Еспаеваның сайлау алды науқанына қатысуға дайын екенін айтты.