"Ызаға булығып отырмын" Абель Санчес Головкинге неге ренжулі?
Орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Геннадий Головкиннің бұрынғы бапкері Абель Санчес боксшы мансабына қатысты кейбір деректерді жайып салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz-ке сілтеме жасап.
Геннадий бапкері Санчеспен келісімшартты үзетіндігіне қатысты мәлімдемесінде сыпайылық сақтаған болса, Абель өз сұхбатында бойын кернеген ызасын жасыра алмады. Оған бапкерлік қызметі үшін ақының қысқаратыны ұнамаған. Артынша, мұның астарында ақша мәселесі жатқанын айтты.
«Жақсылықты білмейтін ашкөз. Ол жуырда ғана DAZN-мен 100 миллион долларға келісімшарт жасасты. Бұдан кейін ақша жетпейтіндігін алға тартып, түбегейлі шараға баруға мәжбүр екендігіңізді айтуға бола ма? Осының бәрі ақша үшін. Мен олардың бұл қорлығына шыдай алмас едім. Бұл ызаңды келтіреді. Себебі бұл жігіт мұндай қадамға баратынын ешқашан ойлаған емеспін. Оны ұяты бар, адал, тәрбиелі деп ойлайтынмын. Бұл оны осыншама өзгертетінін ойламаппын. Мен ызаға булығып отырмын», - деді Санчес ESPN-ге берген сұхбатында.
Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мексикалық бапкері Абель Санчеспен жұмысын тоқтатқаны туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз.
«Мен өзім үшін, мансабым үшін маңызды шешім қабылдағанымды жеткізгім келеді. Жетістіктеріме сүйене отырып, өзімді жетілдіре түскім келеді. Сондықтан енді Абель Санчеспен жаттығу өткізбеймін. Бұл мен үшін оңай шешім болған жоқ әрі мұның Абельдің кәсіби қабілетіне де еш қатысы жоқ. Ол - тамаша бапкер, жұмысына адал, Даңқ залына аты жазылған бапкер. Жаңа бапкерім туралы кейінірек хабарлаймын. Ал бүгін бокста берген сабақтары үшін Абельге алғыс айтамын», - деді ол.