ШҚО-да кәсіпкерлер нанның бағасын қымбаттатып жіберді
ШҚО-ның Алтай қаласында нанның бағасы қымбаттап кетті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Сәуірдің 1-нен бастап бірінші және екінші сорттағы нанның бағасы 10 теңгеге өскен.
Ең сорақысы, қала тұрғындарына бағаның қымбаттауы жайлы ескертілмепті. Тұрғындарды қойып, жергілікті билік те бұл жөнінде хабарсыз болып шықты.
Екінші сұрыпты нан қазір Алтайда 95 теңгеден, бірінші сұрыпты – 100 теңгеден сатылуда. Мұндай бағаны қаладағы барлық нан өндірушілер ұстап отыр. Оған ұн бағасының қымбаттауы себеп болған екен.
Екі күн бойы қала және аудан билігі жергілікті кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіп, ақыры екі жақты шешімге келген екен. Шешімге сәйкес, салмағы 600 граммдық бір бөлке нанның бағасы 85-90 теңге болады.
Айта кетсек, кәсіпкерлер қала билігінен арзан ұнмен қамтуды сұрап отыр екен. Бұл мәселе қазір атқарушы биліктің бақылуына алынды.