Аягөзде 100 адамнан тұратын домбырашылар күй тартты
Жуырда Баршатас ауылындағы «Оспанқұл Меңаяқұлы атындағы жалпы білім беретін орта мектепте» Ұлыстың ұлы күніне арналған «Қош келдің, әз Наурыз!» атты мерекелік шара өтті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл шара әдеттегіден өзгешелеу болғанын айта кету керек.Алдымен шараның ашылу салтанатында ақ кимешекті әжелер шашу шашып, жұртты ән мен жырға бөледі. Сосын мектеп ұжымының «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратындай» ұйымшылдығының арқасында 100 адамнан тұратын домбырашылар күй тартты. Сол күні жиылған қауым алдында Шұбартау өңірінің орталығы болған Баршатас халқы өздерінің ынтымағы мен бірлігін көрсетті. Құрамында ұстаздар мен оқушылар, жұмысшы қызметкерлері бар «Самғау» домбырашылар флешмобы көп домбыра шанағынан жиылған қауымға арнап күй шалқытты.
Домбыраның әсем үні көктем шуағымен таласа келген құстар әніне қосыла самғады.
Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты бағдарламасы аясында өткен аталмыш шара ауыл қарттары мен жастарына ерекше ұнағанын айта кеткен ләзім.