Өнеркәсіпке цифрлық технология енгізу қарқын алды – ШҚО

шартты сурет
Шығыс Қазақстанда өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындары 2019-2026 жылдар аралығында цифрлық технологияларды енгізу бойынша 17,5 млрд. теңгенің 20 жобасын іске асыру жоспарланған, оның ішінде 11, 5 млрд. теңгенің 12 жобасы аяқталды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Биыл бірқатар кәсіпорын («Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ, «Казцинк» ЖШС, «КЭМОНТ» АҚ) 2025 жылы аяқталатын 6 млрд. теңгенің сегіз жобасын іске асыруда. Н.Д.Батпенов атындағы травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп пациенттердің клиникалық көрсеткіштері бойынша омыртқа мен жамбас сүйегін емдеуге арналған отандық медициналық импланттарды өндіру жобасы іске асуда. Титан қорытпасынан жасалған медициналық импланттардың кальций-фосфатты биоактивті жабындарының технологиясын микро-доғалық тотығу әдісімен әзірлеу және медицинада қолдану үшін вакуумды магнетронды бүрку әдісімен Ti/Cu-Ta-Nb-Ag композициялық жабындарын алу жүргізілуде. «NEOLA» ЖШС-мен бірлесіп медициналық мақсаттағы бұйымдарды, атап айтқанда, омыртқаны тұрақтандыруға арналған импланттарды әзірлеу бойынша жұмыс жүріп жатыр.