ШҚО-да 100 мың гектар жер мемлекетке қайтарылады
көрнекі сурет
Шығыс Қазақстан мен Абай жеке-дара облыс болып бөлінгеннен кейін өңіріміздің жаңа шекарасындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге қайтадан санау жүргізілді.
Аймақ басшылығы 43 мың гектарға жуық ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқаптардың пайдаланылмай жатқанын анықтады, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Облыстық жер қатынастары басқармасының ақпаратына сүйенсек, өңірдің жаңа шекарасындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерінің жалпы ауданы қазіргі уақытта 3,3 миллион гектардан асып жығылса, оның 2295,4 мың гектарын жайылымдар, 264,2 мың гектарын шабындықтар, ал 673,3 мың гектарын егістік жерлер құрайтын көрінеді.
– Облыстың жаңа шекарасында өңіріміздің аудан, қалаларындағы жергілікті атқарушы органдар 42,9 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы алқаптың пайдаланылмай жатқанын анықтады, – дейді облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлис. –
Үкімет жылдың соңына дейін республика бойынша 5 миллион гектар пайдаланылмаған жерді, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша 100 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару міндетін қойды. Бүгінгі таңда облыс бойынша 76,8 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Жауапты тұлғаның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында облыста пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін қайтаруды реттейтін ведомствоаралық кіші топ құрылған. Ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмайтын және заңнаманы бұза отырып пайдаланылатын жерлерді анықтау «Ғарыш сапары» веб-порталында жердің ғарыштық мониторингі арқылы жүзеге асырылады. Жерді пайдаланбау фактілері бойынша арнайы құжаттар қалыптастырылып, деректер Жер ресурстарын басқару департаментіне жіберіледі.