Күршім ауданының тумасы 68 жасында чемпион атанды
Ақмола облысының Щучинск қаласында қоян-қолтық айқастан Қазақстан чемпионаты өткен болатын. Осы жарыста 68 жастағы Күршім ауданындағы Ақши ауылының тумасы, белгілі спортшы, жекпе-жек шебері Дәулет Темірханов бас жүлдені жеңіп алды.
Дүбірлі додада ерлер мен әйелдер бірдей топқа түсіп, күш сынасқан. Барлығы 406 үміткер қатысты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Айта кетсек, биыл 14-19 маусым аралығында Астанада Әлем чемпионаты өткізіледі, ал мына Щучинск қаласында өткен сайыс - сол чемпионаттың алдындағы іріктеу сайысы. Оған Қорғаныс және Ішкі істер министрліктері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ұлттық ұлан, Мемлекеттік күзет қызметі, Қорғаныс министрлігінің мемлекеттік барлау басқармасы, ІІМ «Сұңқар» арнаулы жасағы және тағы басқа әскери құрамалар мен ведомстволар аттандырған кіл мықтылар еліміздің барлық облыстарынан келіп қатысып отыр. Арасында 75 спорт шебері, 33 халықаралық деңгейдегі спорт шебері және спорт шеберіне үміткерлер бар екен.
Дәулет Темірханов – запастағы полиция полковнигі, қоян-қолтық айқас пен самбо күресінен оннан астам спорт шебері мен халықаралық деңгейдегі спорт шеберін даярлаған көрнекті тұлға. Ол спорттың қоян-қолтық айқас түрін дамытуға қосқан үлкен үлесі үшін жауапты министрліктің дипломдарымен және Құрмет грамоталарымен неше мәрте марапатталған. Қазір Астана қаласында тұрады. Отбасылы, екі ұл тәрбиелеп отыр.