Биыл 120 га жер мемлекетке қайтарылады — ШҚО
ШҚО әкімі Даниал Ахметов Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмысы жалғасып жатқанын айтты.
Космомониторинг нәтижесі бойынша облыс аумағында 508,8 мың гектар пайдаланылмайтын жер бар екені анықталды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Өткен жылы 100,6 мың гектар мемлекеттік меншікке қайтарылған. Оның 93 мың гектары азаматтардың өтінішіне орай халыққа бөлінді. Ал 7,6 мың гектар аумақ ауыл шаруашылығы айналымына тартылды.
Өңір басшылығы биыл 120 мың гектар жерді қайтаруды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде Алтай, Зайсан, Катонқарағай, Күршім аудандарын қоса алғанда 9 мың гектар аумақ ерікті түрде мемлекет меншігіне өткізіліп қойды.
Облыс әкімі жайылым бөлу мәселесі де шешіліп жатқанын айтты.
Биыл мал басының өсуіне байланысты жайылымға қажетті аумақ 78 мың гектар деп есептелді.