ШҚО-ны газдандыру бойынша қандай шаралар қабылдануда?
Фото: ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі
Өңірде шаруаларға көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы және тұрақты жүргізу үшін 20 мың тонна дизель отыны (ДО) көзделген.
Бұл туралы ШҚО-ға жұмыс сапарымен барған ҚР энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Оның айтуынша, берілген өтінімдерге сәйкес, шаруалардың атына көктемгі егіс жұмыстары кезеңінде бекітілген жоспардың 19,1 мың тонна дизель отыны жөнелтілді.
Бұл ретте облыс шаруаларының өтінімдері негізінде Ауыл шаруашылығы министрлігімен (АШМ) бірлесіп егін жинау науқанына дизель отынын бөлу көлемі бекітілді, ол 8,5 мың тоннаны құрайды.
Сондай-ақ Энергетика министрі өңірдегі газ саласының кейбір мәселелері туралы айтты.
Алмасадам Сәтқалиев министрлік ұзақмерзімді баға тұрақтылығын және бағаның алыпсатарлық көтерілуіне жол бермеуді қамтамасыз ете отырып, сұйытылған мұнай газы нарығын реформалау бойынша шаралар қабылдап жатқанын атап өтті.
Елдің солтүстік және шығыс аймақтарын газдандыру Үкіметтің басым міндеттерінің бірі болып табылады.
Облысты газдандыру деңгейі 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 3,1% құрайды немесе 22 883 (730 172-ден) адам табиғи газбен қамтамасыз етілген.