Үлескерлерден заңсыз ақша алған ЖШС басшысы ұсталды - ШҚО
Фото: aikyn.kz
ШҚО-да үлескерлерден заңсыз ақша жинады деген күдікпен ЖШС басшылығына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Тергеу жұмыстарын Қаржы мониторингі агенттігінің ШҚО департаменті жүргізуде, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Қылмыстық істі тергеу барысында ЖШС-нің лауазымды қызметкерлері 2021-2023 жылдар аралығында үлескерлердің ақшалай қаражат тартуға рұқсаты жоқ екеніне қарамастан, пәтерлерді ерте брондау арқылы азаматтарды үлестік құрылысқа белсенді тартқаны анықталды. Осылайша халықтың сенімін асыра пайдалана отырып 606,5 млн теңге сомасында ақша қаражатын иемденген.
Қазіргі уақытта тараптар қосымша келісімдер жасасуы арқылы пәтерлерді алдын ала брондау шарттары бұзылды. Сот шешімімен ЖШС-нің құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындауға лицензияның қолданылуы тоқтатылды.
ЖШС басшылығына қатысты соттың санкциясымен қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялануға жатпайды.