ШҚО-да халықаралық іздеуде жүрген есепші ұсталды
Халықаралық іздеуде жүрген медициналық мекеменің бас есепшісі Шығыс Қазақстан облысында ұсталды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі Тengrinews-ке сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстан облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің жедел іздестіру іс-шараларының кешені нәтижесінде сотқа дейінгі тергеу бойынша аса ірі мөлшерде ақша жымқырды деген күдікпен халықаралық іздестіруде жүрген «Меновное ауылының дәрігерлік амбулаториясы» ШЖҚ КМК-ның бас есепшісі ұсталып, Өскемен қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
– Ол 38 миллион теңге мөлшеріндегі бюджет қаражатын өзінің карточкалық шотына заңсыз аудару арқылы ұрлады деп күдікке ілінген. Қазіргі уақытта аталған факт бойынша тергеу жүргізілуде, басқа ақпарат тергеу мүдделеріне байланысты жария етілмейді, – делінген хабарламада.
Күдікті кінәсінің деңгейін анықтай отырып, оған қатысты соңғы шешімді сот шығарады.